
Қазақстан Қорғаныс министрлігі министрдің орынбасары қызметіне азаматтық мамандар — экс-депутат Татьяна Савельева мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бұрынғы басшысы Дәулет Бекмановтың тағайындалуына қатысты түсініктеме берді, деп жазады Informburo.kz.
Қорғаныс ведомствосының түсіндіруінше, министрдің екі орынбасары да азаматтық персоналға жатады және олардың әскери немесе арнаулы атақтары жоқ.
«Олардың әскери немесе арнаулы атақтары жоқ. Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған кезде де мұндай атақ берілген жоқ. Олар атқаратын лауазымдар әскери қызмет өткеруді және әскери форма киюді көздемейді», — деп жауап берді Қорғаныс министрлігі ресми сауалға.
Министрдің жаңа орынбасарларының әрқайсысы өз саласына жауап береді:
Татьяна Савельева 7 қазанда ведомствоға жұмысқа ауысты. Бұған дейін Қаржы вице-министрі және депутат болған. Ол экономика және қаржы мәселелеріне жауап береді.
Дәулет Бекманов 24 қыркүйекте тағайындалды. Бұған дейін «ҰАТ» АҚ-ны басқарған, сондай-ақ ЦДИАӨМ мен «Қазпошта» басшылығында жұмыс істеген. Ол цифрландыру мәселелерін қадағалайды.
Азаматтық басқарушылардың тағайындалуы ведомствода ауқымды реформалар мен тексерулер жүргізіліп жатқан кезеңге тұспа-тұс келді. Бұған дейін Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары Қорғаныс министрлігі құрылымдарында мемлекеттік мүлікті жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және жарғылық тәртіпті бұзу фактілері бойынша 13 қылмыстық іс қозғаған болатын.
Еске салайық, 27 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство басшылығын ауыстырды. Қорғаныс министрі қызметіне Дәурен Қосановтың орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.
В Атырау +4.5