Атырау, 4 қараша 11:21
 дождьВ Атырау +4.5
$ 453.26
€ 506.70
₽ 5.58

Ресей және Украина азаматтары Қазақстанда заңсыз казино басқарғаны үшін іздеуде

81 рет қаралды

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Қазақстан аумағында Pin-Up және Pinco онлайн-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінген екі шетел азаматын іздеуге жариялады. Сот олардың әрқайсысына қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берген.

Іздеуге жарияланғандар:

  • Дмитрий Пунин (1985 жылы туған, Ресей азаматы);

  • Марина Ильина (1989 жылы туған, Украина азаматы).

Тергеу мәліметінше, іздеуде жүрген азаматтар заңсыз ойын бизнесін жасыру үшін кең ауқымды халықаралық инфрақұрылым құрған. Бұл схемаға өз бақылауындағы компаниялар, төлем ұйымдары мен банк құралдары тартылған.

Қазақстанда ресми «қалқан» ретінде PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызметке лицензия алған «Бонами» ЖШС пайдаланылған. Компания заңды бәс тігу қызметін көрсеткен болып, іс жүзінде тыйым салынған онлайн-казиноның жұмысын ұйымдастырған.

Төлемдерді жүзеге асыру үшін күдіктілер сатып алынған финтех-компанияларды, жалған басшыларды және банк терминалдарының желісін пайдаланған. Қаржы секторы өкілдерінің көмегімен олар түрлі банктерде 24 төлем терминалын іске қосқан. Оның 14-і қолма-қол ақша қабылдауға арналған.

«Жүзеге асырылған схема нәтижесінде заңсыз қаржылық операциялардың көлемі 106 миллиард теңгеден асты», — деп хабарлады ҚМА.

Агенттік Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаның қайда жүргені туралы ақпараты бар азаматтардан ҚМА-ның кезекші бөліміне +7 (7172) 70-84-78 телефоны арқылы хабарласуды сұрайды.

Бүгін, 10:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.