
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) бұрынғы бас аудиторы Қамбар Омаровпен арадағы сот процесінде жеңіліп қалды. Ұйым еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзғаны үшін бұрынғы қызметкеріне қомақты өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Kazachkov offside.
Омаров ҚФФ-да 2025 жылдың қаңтарынан бастап айына шамамен 2,5 миллион теңге жалақымен жұмыс істеген. 2026 жылдың сәуірінде оған штаттың қысқаруына байланысты жұмыстан босатылатыны туралы ескерту беріліп, мамыр айында еңбек шарты бұзылған. Бұрынғы аудитор штаттың қысқаруына қатысты шешімге дау айтпағанымен, құжаттарда көзделген «алтын парашютті» төлеуді талап еткен.
Сот процесі барысында маманның федерациямен алғашқы жұмыс жылынан кейін қосымша келісімге қол қойғаны анықталды. Құжатта еңбек шарты 2028 жылдың қаңтарына дейін ұзартылғаны және жұмыс берушінің бастамасымен қызметтен босатылған жағдайда қызметкерге жұмыс істемеген қалған кезең үшін толық жалақысы төленуге тиіс екені көрсетілген. Омаров талап арызында 20 айлық жалақысын, яғни жалпы сомасы шамамен 50 миллион теңге, сондай-ақ төленбеген 20 миллион теңгеге жуық сыйақыны талап еткен.
ҚФФ өкілдері талап арызды мойындамады. Олардың айтуынша, ұйым қосымша келісімнің бар екенін білмеген, құжат тек талап қоюшының қолында болған, enbek.kz мемлекеттік жүйесінде тіркелмеген және жаңа басшылықпен келісілмеген. Тіпті ҚФФ қосымша келісімді жарамсыз деп тану туралы қарсы талап арыз берген.
Істегі негізгі дәлелдердің бірі — ҚФФ-ның бұрынғы бас хатшысы, осы құжатқа федерация атынан қол қойған Давид Лорияның куәлігі болды. Лория сотта қосымша келісімнің заңды түрде жасалғанын растады.
Нәтижесінде елордалық сот бұрынғы қызметкердің пайдасына шешім шығарып, оның талап арызын ішінара қанағаттандырды:
Қазақстан футбол федерациясынан жұмыс істелмеген кезең үшін барлық жалақы өндіріп алынды. Оның сомасы 50 миллион теңгеге жуық.
Шамамен 20 миллион теңге көлеміндегі сыйақыны төлеуден бас тартылды, өйткені олар ынталандыру сипатындағы үстемеақылар болып саналады.
ҚФФ-ның қосымша келісімді жарамсыз деп тану туралы қарсы талап арызы толығымен қанағаттандырылмады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
В Атырау +4.5