Атырау, 4 қараша 11:21
 дождьВ Атырау +4.5
$ 453.26
€ 506.70
₽ 5.58

Астанадағы балабақшада жарақат алған бала: Полиция тергеу бастады

63 рет қаралды

Астанадағы «София 3» жекеменшік балабақшасында тәрбиеленуші жарақат алғаннан кейін полиция тергеуді бастады. Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, ұлын басқа бала темір орындықпен бірнеше рет ұрған, деп хабарлайды Halyqstan Telegram-арнасы.

Оқиға 15 қазанда болған. Астаналық әйелдің айтуынша, салмағы шамамен 2-3 келі болатын ауыр орындық балалардың қолында болған. Сол кезде топта тәрбиеші де, басқа ересек адам да болмаған.

Баласын алып кетуге келгенде, анасы балабақша қызметкерлерінен ұлдардың орындыққа таласып қалғанын, жиһаздың қолдан шығып кетіп, баланың кездейсоқ жарақат алғанын естіген. Алайда бейнебақылау камераларының жазбаларын көргеннен кейін әйел ұлын балабақшадан алып кеткен.

«Біз балабақшаға ең қымбатымызды — балаларымызды сеніп тапсырамыз. Ендеше, олардың қауіпсіздігіне ең болмаса кепілдік беруді талап етуге құқылымыз!» — деді ашынған ана.

Әйел баласы енді балабақшаға бармайтын болғандықтан, қазан айы үшін төлеген 80 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Алайда мекеме әкімшілігі ақшаны әлі күнге дейін қайтармаған. Сонымен қатар ата-ана басты айғақтың сақталуына алаңдап отыр: бейнежазбалар мұрағатта бар болғаны бір ай сақталады, сондықтан бірнеше күннен кейін файлдар өшірілуі мүмкін.

Журналистердің сауалына Нұра ауданының полиция басқармасы бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», — деп түсіндірді елордалық полицияның баспасөз қызметі.

Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге мәліметтер жария етілмейді.

Бүгін, 10:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.