Атырау, 9 қараша 02:02
 бұлттыВ Атырау +1
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Соғыс туралы декрет

4 908 просмотра

Декреттік жәрдемақыларды төлеудің жаңа ережелері өте жағымсыз реакция тудырды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде қызу талқылануда, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің блогы наразы хаттарға толған.

ПРОКУРОРЛАРҒА ХАТ

19 ақпанда Атырау облысындағы мұнай компанияларының қызметкерлері Бас прокуратураға жаңа ережені жоюды өтінген хат дайындады.  Олардың пікірінше,  бұл олардың конституциялық құқықтарын бұзып отыр екен. 8 парақтан тұратын петицияда табыстары 10 АЕК-тен жоғары болатын әйелдердің декреттік жәрдемақыларын теңестіруге қатысты «Әлеуметтік қамсыздандыру туралы» заңға енгізілген түзетулерге қарсы дәйектер келтірілген. Жарты күннің ішінде хат жазушылар жүздеген қол жинап, тек әйелдерден ғана емес, ер адамдардан да қолдау тауыпты. Өйткені бұл жерде жанұяға байланысты әңгіме көбірек қозғалып отыр ғой.

«Біз жүкті әйелдерге осындай қарым-қатынас жасалғанына наразымыз. Демографиялық ахуалды жақсарту жөніндегі кез-келген қадамды қолдаудың орнына, керісінше, парламент біздің дұрыс  босанып, балаларымызды тәрбиелеуге деген қасиетті құқығымызға нұқсан келтіріп отыр», - делінген хатта.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар ТОҚСЕЙІТОВАНЫҢ айтуынша, «заң қоғамда 2 жыл бойына талқыға салынған». Алайда баспасөз бен ғаламторда осындай қызу реакцияның орын алуы - халықтың негізгі бөлігінің енгізілетін өзгерістерден бейхабар болғанын білдіреді.

«Билік органдарының бірқатар өкілдерінің, сонымен қатар жекелеген азаматтардың бұл ахуалды осындай жағдайға әкелуге тырысқан әрекеттерін атап өтпеске болмайды, бұл табыстары айына 10 АЕК-тен асатын жүкті әйелдерге деген әлеуметтік жікке бөлінуді, жек көрушілікті тудырып отыр», - делінген хатта.

Бұл жерде сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының пре-зиденті Алмаз ҚҰРМАНОВТЫҢ «табысы жоғары топ табысы төмен әйелдерге төлеуі тиіс, ал бізде, керісінше, табысы төмен әйелдер табысы жоғары әйелдердің шығындарын төлеп отыр» деген пікірі де меңзеліп отыр.

 

ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢСІЗ

«ӘЙТПЕСЕ - ДЕФОЛТ!»

Қазақстандағы декреттік жәрдемақыны төлеудің бұрынғы механизмі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына дефолт қаупін тудырды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мәлімдеді деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мамандардың есептеуінше, ұзақ мерзімді міндеттемелер, яғни, еңбекке жарамдылығы жойылуына және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін төлемдер 2025 жылға қарай 1,6 триллион теңгеге жетеді. «Егер бәрін сол күйінде қалдырар болса, яғни 17 ақпанға дейін қолданыста болған механизм сақталса, онда қор резерві 11,3 миллиард теңгені құраған болар еді. Ал оның төменгі деңгейі, заң талаптарына сәйкес, 161 миллиард теңгені құрауы тиіс. Мұның бәрі қордың дефолтқа ұшырауына, яғни әлеуметтік тәуекел түрлерінің барлық бес түрі бойынша міндеттемелерді төлеуге қабілетсіз боп қалуға әкеп соғады», - деп түсіндірді министрліктегілер.

Сондықтан, міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы, ең алдымен – жүктілік мен босануға байланысты жәрдемақы тағайындау механизмі бойынша заңға өзгерістер енгізу аса қажет болды, дейді ведомостводағылар.

Заңдағы өзгеріс ешқандай өтпелі кезеңді қарастырмайды. Әйелдерге өзгерістерге дайындалуға – ақша жинап, жұмыс берушілермен қосымша төлемдер туралы келіссөздер жасауға немесе бала тууға деген өз жоспарларын қайта қарауға мүмкіндік берілмеді. Өтпелі кезең жұмыс берушілерге де қажет еді. Заң 2013 жылдың 16 ақпанында күшіне енді. Ал бұл кезде көптеген компаниялардың бюджеттері өткен жылдың аяғында немесе ағымдағы жылдың басында бекітіліп қойған еді. Тіпті, егер жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне айырмашылықты төлегілері келсе де, оларға уақыт қажет болады. Мемлекеттік мекемелер үшін бір жылдан кем болмайтын, ірі жеке компаниялар үшін, шетелдік компанияларды қосқанда – кем дегенде жарты жыл керек. Мұндай қадамға өз беделдерін бағалайтын ірі кәсіпорындар барады. Шағын жеке компаниялардың көпшілігі мұндай қамытты мойындарына ілуге келісе қояр ма екен. Хатта қозғалған тағы бір мәселе: жаңа заң босанғанға дейінгі еңбекке жарамсыздық кезеңінде және сәби дүниеге келгеннен кейінгі кезде лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге күш салған олардың бүкіл еңбектерін еш етеді. Әйелдер өз қаржыларын білім алуға жұмсап, біліктіліктерін көтеретін қосымша курстарға барып, тәжірибе жинақтап, өсуге тырысты, көп табыс табу үшін қосымша білім алды, тиісінше лайықты декреттік жәрдемақы алуды жоспарлады. Ал енді келіп, олар жобалаған төлемнен бірнеше есе аз алатын жағдайға тап болды. Әйелдердің бәрінің бірдей күйеуі жоқ, бірақ көпшілігінің мойнында ипотекалық несиелер бар. Табыстары 10 АЕК-тен жоғары болатын әйелдер мемлекет немесе банктер тарапынан жеңілдіктер ала алмайды, баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік бағдарламаға қатыса алмайды. Мұндай әйелдердің басым бөлігі Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында тұрады. Сәбидің дүниеге келуі босануға, сәбиге арналған заттар мен тамағы үшін қосымша едәуір шығындарды қажет ететінін айтпағанның өзінде, бұл жерде тірлік етудің өзі қымбатқа түседі.

 

ҚАЖЕТ БОЛСА, МИТИНГКЕ ШЫҒАДЫ

Хат авторларының пікірінше, қабылданған түзетулер әйелдердің репродуктивті құқығын бұзып отыр, өйткені медициналық ұсыныстарға  және босанғаннан кейін демалу керектігіне қарамастан жұмысқа шығуға мәжбүрлейді. Толыққанды босануға дейінгі және кейінгі демалыс – «жүкті арамтамақтарға» арналған айла емес, өте қажеттілік боп табылады. «Қазақстандық әйелдердің 1,2 пайызы ғана 10 АЕК-тен жоғары еңбекақы алады деген ресми статистикалық мәлімет сенімсіздік тудырады. Сондықтан біз түзетуді қабылдау үшін негіз болған статистикалық мәліметтерді жариялауды және негіздеуді талап етеміз. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер желеуретіп отырған алаяқтық фактісіне келер болсақ, мұндай жағдайларды түп-тамырымен құрту үшін басқа шаралар алынуы: растайтын құжаттарды тексеруді күшейтіп, салық органдарымен және ішкі істер органдарымен бірігіп жұмыс жүргізуі тиіс еді».

Хаттан бөлек әйелдер жергілікті билікке митинг өткізу үшін өтініш беруді жоспарлап отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

21 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.