Өткен аптада жүктілікке байланыстыжәрдемақыларын алып үлгерген әйелдердің жолдары болып кетті. Ал қалғандары бұрынғы мөлшердегі жүктілікке және босануға байланыстыжәрдемақыны ала алмайды.
6 ақпанда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жарияланды. Соған сәйкес, әйелдер 783 мың 720 теңгеден жоғары мөлшердегі жүктілікке және босануға байланысты жәрдемақы ала алмайды. Бұрын әйелдер өзін анағұрлым қорғалғандай сезіну үшін және бір жылға жұмысқа үзіліс жасаудан қорықпас үшін көп табыс табуға тырысатын. Өйткені ол қомақты декреттік жәрдемақымен өтелетін. Енді жоғары табыстың ұзақ декреттік демалысқа пайдасы жоқ.
Естеріңізге салсақ, біздің заңнамамызға сәйкес, Қазақстанда жүктілік пен босануға байланысты төмендегідей жәрдемақылар қарастырылған:
1. Мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен сәбидің тууына байланысты бір мәрте берілетін мемлекеттік жәрдемақы. Бір мәрте берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші және үшінші сәбиге 30 АЕК-ке (1 АЕК - 1731), яғни 51930 теңгеге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 50 АЕК-ке, яғни, 86550 теңгеге тең.
2. Егер әйел жұмыс жасаған болса, онда оған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі мен босануына байланысты бір мәрте әлеуметтік төлем (босануына байланысты жәрдемақы) тиесілі.
Бұл жағдайда әңгіме әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін осы жәрдемақы туралы болып отыр. Жұмыс беруші өз жұмысшысы үшін ай сайын осы қорға әлеуметтік жарна аударуға міндетті. Осы қаржы есебінен әрі қарайғы төлемдер қалыптасады. Жәрдемақы мөлшері былайша есептеледі: жыл ішінде орташа айлық еңбекақы арнайы коэффициентке көбейтіледі. Коэффициент сырқаттық бетше берілген күндер санына байланысты болады (126 күн - 4,2; 140 күн- 4,7; 170 күн - 5,7; 184 күн - 6,2; 56 күн - 1,9). Әдетте, қиындықсыз босанған әйелдерге 126 күнге сырқаттық бетше беріледі. Тиісінше оған 4,2 коэффициенті қолданылады.
ЕРІКТІЛЕР БОЛА МА?
«Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік ӘБДЕНОВ қабылданған түзетулер тек елдегі әйелдердің 1,2 пайызына ғана тиесілі екендігін мәлімдеді.
Алайда, мұнай кәсіпорындарына бай біздің өңірімізде 300-500 мың теңге табыс табатын әйелдер аз емес. Сондықтан да бұл мәселе өзекті болып отыр. Атырау облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіндегілер мұны жасырып отырған жоқ:
- Бұл жерде әңгіме ҚР «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» Заңының 23-1 бабындағы өзгертулер мен толықтырулар туралы болып отыр. Өзгерістер айына 10 минималды еңбекақыдан (МЕА) жоғары еңбекақы алатын әйелдерге қатысты (1 МЕА = 18 660 теңге, осылайша, әңгіме 186 600 теңге мөлшеріндегі еңбекақы туралы болып отыр. – З.И.). Бұл бірен-саран жағдай емес. Мұндай әйелдер бізде жеткілікті, олар 1-3 млн теңгеден декреттік жәрдемақы алып отырған. Олардың арасында тек ірі кәсіпорынның қызметкерлері ғана емес, сонымен бірге өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп, 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатындары да бар. Соған сәйкес, олардың декреттік жәрдемақылары да көп болады. Десек те, олардың максималды әлеуметтік аударымдары бірдей. Мысал келтірейін: егер бір әйелдің айлық табысы 200 мың теңгені құраса, онда оның 2013 жылғы бір айдағы әлеуметтік аударымдары 9 330 теңге болады, ал айына 500 мың теңге алатын әйел де сол 9 330 теңгені аударады. Ал жүктілікке және босануға байланысты 200 мың теңге алатын әйелге төленетін жәрдемақы 882 мың теңге, ал табысы 500 мың теңге болатын әйелге 2 млн 100 теңге тиесілі. Айырмашылық бар ма? - дейдіЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Атырау облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Мәншүк ЛЕПЕСОВА.
Бұрынғы заңнама кезінде әйелдер алған жәрдемақы мен жаңа декреттік жәрдемақы арасындағы айырмашылықты жұмыс берушіден ала алады, бірақ бұған жұмыс берушінің қалауы бар болса ғана.
- Бұл тармақты ұжымдық еңбек келісімшартын толықтыру кезінде қосымша талқылау керек, - деп атап өтті Лепесова ханым.- Бірақ жұмыс берушінің ықыласы бойынша. Еңбек кодексінің 194-1-бабында былай деп көрсетілген: «Жұмыс беруші еңбек немесе ұжымдық келісімшарттың талаптарымен қарастырылса жүктілікке және босануға байланысты және жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге берілетін демалысқа ақы төлейді. ҚР міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы Заңнамасында көрсетілгендей жүктілікке және босануға байланысты табысын жоғалтқан жағдайда әлеуметтік төлемдердің сомасы шегеріледі.
ЖАЛАҚЫНЫБІР ЖЫЛҒА БӨЛІП ТАСТАЙДЫ
Бұдан басқа, жүктілік бойынша жәрдемақы есептеу тәртібі де өзгерді. Бұрын, егер әлеуметтік жарналар он екі айдан кем аударылған болса, табыстың орташа айлық мөлшерін Қорға жарналар түскен ай санына жарналар есептелген соманы бөлу арқылы анықталатын. Қарапайым тілмен айтқанда, әйел тапқан табыс мөлшері декретке дейінгі нақты жұмыс істеген мерзімге (12 ай шамасында) бөлінетін. Яғни, ол декреттік демалысқа шыққанға дейін 3 ай жұмыс істеп, осы уақыт ішінде 600 мың теңге алған болса, онда былайша есептелетін: 600 мың теңге 3-ке бөлініп, алынған 200 мың теңге сома 4,2 коэффициентіне көбейтілетін еді. Енді есеп басқаша жүргізілетін болады: нақты жасалған жұмыс уақытына қарамастан тапқан табыс сомасы 12 айға бөлініп, 4,2 коэффициентіне көбейтіледі.
Департаментте заңдағы өзгерістер күшіне енбестен бұрын декреттік демалысқа шыққан, бірақ құжаттарын жинап үлгермеген әйелдердің жәрдемақысы бұрынғыша есептелетінін атап өтті.
Жұмыс жасайтын әйелдерге жүргізілген сауалнама көңіл жұбатпады: олар жұмыс берушінің мұндай қадамға баратынына – оның өз қалтасынан қызметкер әйелдерге тиесілі айырмашылықты өтейтіндігіне шүбә келтіреді. Оның үстіне, заңнамадағы өзгерістер жұмысқа қабылдау кезінде кемсітушілікке әкелуі әбден мүмкін. Жұмыс берушілер үміткер ер адамдарға артықшылық беруі ықтимал, өйткені олар декреттік демалысқа кетпейді ғой.
Зульфия ИСКАЛИЕВА