Атырау, 25 сәуір 20:28
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Азық-түлік дүкендерінің иелері: «Иә, біз табысты салықтан жасырамыз. Әйтпесе, жабылуға тура келеді!»

Сурет Бейнежазба
2 165 просмотра

Атырауда үй маңындағы дүкендер мен шағын маркеттердің иелері көтерме сауданың қымбат бағасына, ҚҚС өсуі, банктердің жоғары пайыздарына наразылық білдірді. Мұның бәрі, олардың айтуынша, азық-түлік бағасының қымбаттауына және шағын дүкендердің жабылуына әкелуі мүмкін.  

Атырау облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы ұйымдастырған жиынға 100 ге жуық дүкен иелері, сонымен қатар банк және мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Саудагерлердің бірінші талабы 19 түрлі әлеуметтік маңызды тауардың шекті бағасына қатысты болды. Әкімдік шекті бағаны ұстап отыруды дүкендерден талап еткенімен, көтерме сауда орталықтарынан талап етпейді дейді кәсіпкерлер.   

Ләззат ДОСМАҒАМБЕТОВА, шағын дүкен қожайыны:  

- Мысалы мен күнбағыс майын көтерме сауда орнынан 850 теңгеге сатып алсам, оны қалай 730 теңге сатамын. Тұтынушылармен жұмыс істейтін де, баға қымбат болса олардан сөз еститін де біздер. Сондықтан бағаны өсірмеуді бізден емес алдымен көтерме сауда орталықтарынан талап ету керек.

Бұл сұраққа Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы  Руслан ДАВЛЕТОВ жауап берді. Оның айтуынша, қазір тұрғындардан үй жанындағы дүкендердің бағаны көтеріп отырғаны жөнінде шағым көп түсуде.

- Әр дүкенге көтерме сауда орындарынан сатып алған бағасына 15 пайызға дейін қосуға заңмен рұқсат етілген. Алайда кімнен қаншаға сатып алғаны жөнінде растайтын жүкқұжат болу қажет. Егер сіз сатып алған тауарыңызға 15 пайыздан артық қоспаған болсаңыз, онда біз көтерме сауда орындарымен жұмыс істейміз, - деді Давлетов.

Кәсіпкерлерді толғандырған екінші мәселе – электронды төлем кезінде банктердің 1-3 пайыз аралығында комиссия ұстайтыны.  

- Тұтынушылардың көбі қазір Kaspi QR арқылы төлейді. Ал біз сатылған әр тауар үшін банкке 3 пайызға дейін комиссия төлейміз. Шағын кәсіпкерлерліктен осы алымдарды алып тастауды сұраймыз, - дейді кәсіпкерлер.

Жеке кәсіпкер Азамат МАКЕ:

- Біз күніне 40 мың, ал айына 1 млн 200 мың теңгеге азық-түлік сатсақ, соған 3 пайыз ҚҚС төлейміз. Мәселе салықты түскен пайдадан емес, толық айналымнан төлейтінімізде. Одан бөлек әр тауарды сатқанымыз үшін 3 пайызға дейін және есепшоттан ақшаны шешкеніміз үшін төлейтін тағы комиссиямыз бар. Ал біздің көретін пайдамыз 15 пайыз. Бұл коммуналдық қызмет шығындарын, салықты және қызметкерлердің жалақысын толық өтей алмайды.

Жеке кәсіпкерлердің сөзінше, шағын дүкендердің бұл мәселесі шешілмесе, үкімет көлеңкелі экономикадан әзірге құтыла алмайды.


- Қазір біз табысымызды салықтан жасырамыз. Мысалы саудамыз 300 мың теңгені құраса, біз 30 мың теңге деп көрсетеміз. Тұтынушылардан шама келгенше төлемді аударыммен немесе қолма қол жүргізуді сұраймыз. Өйткені үкімет осыған әкеліп отыр. Ал, бұл тығырықтан шығудың жолы – арнайы салық режимін енгізу. Салық көлемін 3 пайыздан 0,2 пайызға дейін төмендету. Сол кезде көлеңкелі бизнестен шығамыз. Біз нан сұрамаймыз, тек бізге бизнес климатты жақсартса екен дейміз, - дейді дүкен иелері.

Жиынға қатысқан қалалық кәсіпкерлік басқармасы мен мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кәсіпкерлердің ұсыныс талаптарын республикалық деңгейде қарайтындарға жеткізуге уәде берді. Ал кәсіпкерлер одағы осы жиынның негізінде арнайы хаттама толтырып, премьер-министрге хат арқылы жолдайтынын жеткізді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

4 ақпан 2022, 14:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.