Атырау, 14 қазан 12:40
 дождьВ Атырау +18.8
$ 448.45
€ 501.59
₽ 5.36

Заңсыз онлайн-казино: ҚМА миллиардтық қылмыстық топтарды әшкереледі

65 рет қаралды
видеодан скриншот
видеодан скриншот

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) ауқымды трансшекаралық «дропфермалар» желісін құрған қылмыстық топтардың қызметіне тосқауыл қойды. Қаскөйлер Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының банк карталары арқылы заңсыз онлайн-казиноларға қаржылық қызмет көрсеткен.

Қылмыстық схема кең ауқымда ұйымдастырылған. Қазақстанға келген шетелдіктерге жаппай ЖСН рәсімделіп, қазақстандық SIM-карталар мен банк шоттары ашылған. Осыдан кейін банк қосымшалары байланыстырылған смартфондар «дроповодтар» деп аталатын адамдарға берілген.

Операцияларды автоматтандыру үшін ұйымдастырушылар P2P платформасын пайдаланған. Ол ойыншылардан түскен төлемдерді автоматты түрде танып, ақшаны қабылдап, ұтыстарды төлеп отырған. Ұйымдастырушылар арасындағы есеп айырысу криптовалюта арқылы жүргізілген.

Өңірлердегі жедел операциялар: миллиондар мен миллиардтаған айналым

Құқық қорғау органдары еліміздің бірнеше өңірінде арнайы операциялар жүргізді.

Алматы қаласы мен Түркістан облысы: Өзбекстанның үш азаматы ұсталды. Олар Қазақстанның 89 банк картасы мен 20 «дроп-телефонын» бақылаған. Олардың шоттары арқылы өткен қаражат айналымы 500 миллион теңгені құраған.

Жамбыл облысы, Тараз қаласы және Алматы: Тағы бір қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Заңсыз схемаға Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары, соның ішінде кәмелетке толмағандар да тартылған.

Екінші топқа қатысты жүргізілген тінту кезінде 180 банк картасы, 15 телефон, 26 SIM-карта, 50 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша, 27 мың USDT, төрт автокөлік, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіленді.

Бұл желі арқылы өткен қаражаттың жалпы айналымы 9,8 миллиард теңгеден асқан.

Қатысушыларға қандай жаза қолданылады?

Қазіргі уақытта сот бес негізгі күдіктіні қамауда ұстауға санкция берген.

Тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды.

Бүгін, 11:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.