Атырау, 14 қазан 12:40
 дождьВ Атырау +18.8
$ 448.45
€ 501.59
₽ 5.36

​Атырауда жүлде қоры 100 мың доллар болатын «Atyrau Open 2026» халықаралық шахмат турнирі басталды

104 рет қаралды

Атырауда жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын «Atyrau Open 2026» халықаралық шахмат турнирі өтіп жатыр. Ауқымды интеллектуалдық бәсекеде әлемнің 23 елінен келген 200-ден астам шахматшы шеберлігін сынайды.

12–20 қазан аралығында өтетін халықаралық жарысты Атырау облысының әкімдігі, өңірлік дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен Қазақстан шахмат федерациясы бірлесе ұйымдастырды.

Шахмат тақтасында Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан, Әзербайжан, Армения, Қытай, Иран, Вьетнам, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Швеция, Түркия және өзге де мемлекеттердің өкілдері кездеседі. Жарыс екі негізгі санат бойынша ұйымдастырылған:

  • Masters санаты: FIDE рейтингі 2600-ден жоғары гроссмейстерлер мен халықаралық шеберлер бақ сынайды. Бұл топтың жүлде қоры – 90 мың доллар.

  • Open санаты: Рейтингі 2600-ге дейінгі қатысушылар өзара мықтыны анықтайды. Жүлде қоры – 10 мың доллар.

Сайыстың салтанатты ашылуына қатысқан Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов халықаралық бәсекенің өңір үшін мәні зор екенін атап өтті.

«Бұл – біздің өңір үшін үлкен мәртебе әрі спорттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды оқиға. Мұндай жарыстар спортшыларды кәсіби жағынан шыңдап қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Турнирдің жоғары деңгейде өтіп, шахмат жанкүйерлеріне тартысты партиялар сыйлайтынына сенімдімін», – деді өңір басшысы.

Бұл турнир – классикалық шахматтан Қазақстан кубогы сериясының шешуші үшінші кезеңі. Бұған дейін маусым айында Ақтөбеде («Aktobe Open 2026»), шілдеде Өскеменде («Oskemen Open 2026») алғашқы екі кезең өткен болатын. Атыраудағы бәсеке қорытындысы бойынша ел кубогының финалына жолдама алатын ең үздік ойыншылар есімі белгілі болады. Финалдық жарыс 1–13 желтоқсан аралығында Астана қаласында өтеді.

Партиялар FIDE халықаралық рейтингі ескеріле отырып, швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрады. Әр шахматшыға партияға 90 минут уақыт беріледі және әр жүріс сайын 30 секунд қосылып отырады.

Халықаралық фестиваль бағдарламасы тек негізгі ойындармен шектелмейді. Шара аясында 10 жасқа дейінгі балалар арасында блиц-турнир, бапкерлер мен шахмат мұғалімдеріне арналған шеберлік семинары, Ғ. А. Айдаралиев атындағы шахмат кабинетінің ашылуы және танымал гроссмейстерлердің қатысуымен бір уақытта өтетін ойын сеанстары ұйымдастырылады.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін, 11:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.