Атырау, 8 қазан 03:24
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

ТШО-мен әлеуметтік жобаны қалай жүзеге асыруға болады

2 525 просмотра

«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) он жылдан астам уақыттан бері Атырау облысындағы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы жобаларды қолдап келеді. Осы мерзімде әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде 94 бірегей жоба жүзеге асып, өңірдегі көптеген адамдардың  денсаулығын түзеуге, жаңа білім алып, өз әлеуетін дамытуына көмектесті. Әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпаздары осы жобалардың  қалай іріктелетіні туралы әңгімелейді.

Ерлан Күмісқалиев және оның «Атырау. Шағын ел» атты жобасы біздің қаламызға жақсы тынымал. Бұл иппотерапия – жылқылардың көмегімен емдеуге негізделген ми аурулары бар ерекше балаларға арналған бірегей жоба.

Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, ол 2019 жылы «Шағын елге» келген еріктілерден әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы туралы естіп білген. Олар «жобаларды іріктеуге қатысқыңыз келе ме?», деп сұрапты. Сөйтіп жазда ТШО электронды пошта арқылы әлеуетті жеткізушінің қызығушылығын білдіру хатын жолдаған. Оң жауаптан кейін оған ұсыныс беру туралы сұраныс түседі. Онда байқауға қатысушыларға қойылатын талаптар, қандай заңды құжаттар және өз ұсынысын қалай жасау керектігі егжей-тегжейлі баяндалады. Барлық қадамдар нақты көрсетіледі - іріктеу қалай өтеді, оны кім өткізеді, қатысушыларға қандай талаптар қойылады, ТШО нені төлейді, нені төлемейді. Яғни, бәрі де ашық. Өтініш дайындау оңай процесс емес, ол мұқияттылықты және дәл есептеуді қажет етеді. Өз жобаңызды және күтілетін нақты нәтижелерді сауатты сипаттау қажет. Одан әрі кейін өзгертуге болмайтындай барлық шығындардың сметасын жасау керек. Ал, жоба шеңберіндегі барлық сатып алулар тек қолма-қол ақшасыз жолмен ғана жүзеге асады. Ара-тұра ТШО қызметкерлері белгілі бір мәселелер бойынша түсініктеме беру туралы өтінішпен қоңырау шалуы мүмкін. Мақұлданған жобаларға ұдайы мониторинг жүргізіледі. Жыл ішінде екі рет - жобаның ортасында және соңында – шығармашылық және қаржылық есеп тапсырылады. Сондай-ақ, жұмыс барысында туындайтын қиындықтар туралы жазу қажет - компания қызметкерлері әрдайым да ашық,  сіздерге көмектесіп, барлық сұрақтарға жауап беруге дайын.

 

«Шағын елдегі» иппотерапия сабақтары

- 2020 жылы біздің «Шағын ел» жобамыз кеңестің мақұлдауына ие болды, ал келесі 2021 жылғы  пандемиядан кейінгі оңалту жобамыз іріктеуден өтпеді. Әділ шешім деп қабылдадым. Осы ретте, көпшілікке қол жетімді сайттан жеңімпаздар тізімін көріп, бұл мәселеде бізден гөрі анағұрлым білікті басқа ұйымның айналысатынын түсіндім. Сондықтан 2022 жылғы сайысқа қатысу үшін біз шынымен де ең мықты және бәсекеге қабілетті жағымыз, яғни, мүгедек балаларға арналған иппотерапия сабақтарына баса назар аударып, өз жобамызды таңдадық. Халықаралық деңгейдегі иппотерапия бойынша нұсқаушылармен өткізілген осындай сабақтардың нәтижесінде БЦП-тің ауыр түрлерімен ауыратын 4 бала жылқы спорты бойынша мүмкіндіктері шектеулі жандардың облыстық командасына мүше болды. Қазіргі уақытта олар жарыстарға дайындалуда. Тәуелсіз және сенімді жас спортшыға айналған олар өз өмірлерін жарқын бояулармен толтырып, жарыста да, өмірде де жеңістерге жетуге мотивация алуда, – дейді Ерлан Күмісқалиев.

Биыл «Шағын ел» бірден екі жобаны жүзеге асырмақ. Атыраудағы иппотерапия сабақтарына ақыл-есі кем балаларға арналған №3 арнайы интернаттың 20-дан астам тәрбиеленушісі, ал Жылыой ауданында Құлсары қаласы мен жақын маңдағы ауылдардың мүмкіндіктері шектеулі балалары тартылатын болды.

«Қоғамдық кеңістік» жобасы аясында тұрғындар салған Шоқпартоғай ауылындағы көпір

Айта кету керек, бұл биылғы жылы жүзеге асырылатын жалғыз жоба емес. Сайыстық іріктеуден түрлі ҮЕҰ-дың 14 бастамасы өтті. Барлық жобаны компанияның түрлі бөлімдерінің әртүрлі құзыретке ие өкілдері кіретін ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы жөніндегі кеңесі қарайды. Бизнеске бағытталатын басқа да күрделі салымдар сияқты жергілікті қоғамдастықтарға бөлінетін инвестициялар да тексеруден өтеді. Тексеру жұмыстары салымдардың тиімділігін бағалап, басқаша айтқанда, ҮЕҰ-да жұмыстың нақты нәтижелері болатынына көз жеткізуі тиіс.

Ең бастысы, аталмыш жобалар өңірдің экономикалық дамуын ынталандыруға, білім берудің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға, халықтың денсаулығын нығайтуға, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ағартушылыққа, пандемиямен және оның салдарымен байланысты проблемалық мәселелерді шешуге, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдауға бағытталуы тиіс.

Қызметі әлеуметтік және экологиялық мәселелермен байланысты барлық мүдделі ҮЕҰ-ға тендерге қатысуға шақырту жіберіледі. Жіберілім тізімі 4 базаның негізінде қалыптасады:
1. Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы ТШО-ға белсенді және жұмыс істейтін ҮЕҰ тізімін жібереді
2. Бұрын тендерге қатысқан ҮЕҰ тізімдері негізінде қалыптасқан ТШО дерекқоры.
3. Ынтымақтастыққа мүдделі кез келген ҮЕҰ tcoinfo@tengizchevroil.com электрондық поштасына хат жолдай алады және оларға да тендерге қатысуға шақырту келеді.
4. 2021 жылдан бастап Орталық Азиядағы Еуразия Қорының «ҮЕҰ мектебі» жобасы бойынша білім алғандардың барлығы да тендерге қатысуға шақырылады.

«Әрбір жобаны саралағанда біз арнайы тәжірибенің, мамандардың, техникалық ресурстардың, одан әрі орнықтылық әлеуетінің бар екеніне қараймыз. Осының бәрі біздің қолдауымыздың нәтижесінде жобаның бұрынғыдан да нығайып, облысымыздың барынша көп тұрғындарына пайда әкелуін көздейді, -деп атап өтті ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев. – Орталық Азияның Еуразия Қорының «Жарқыра» жобасы - осының жарқын дәлелі. Олар адамдарға әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, курс аяқталғаннан кейін үздік жобаларға гранттар мен пайызсыз қарыздар берді. Жобаны жүзеге асыру барысында алғашқы қарыздар қорға қайта оралды. Өткен жылы олар өз қызметін жалғастыра отырып, қайтарылған қаражат есебінен жаңа гранттар бөлді. 2021 жылы біз бұл жобаға қаражат бөлген жоқпыз. Бұл жобаның тұрақтылығы мен дербестігінің көрсеткіші. Компания үшін жобаның пайдалылығы ғана емес, сонымен қатар оның болашақта өміршең болатындығын, ТШО-ның қолдауына ие бола отырып, қоғамға қайтарымын арттыра алатындығын және өз жұмысын әрі қарай жалғастыратындығын білу өте маңызды. Осылайша, біз Атырау облысының тұрғындарына көмек көрсету философиясын өзгерттік: біз жеке адамдарға дайын «балық» беруді тоқтатып, оның орнына белсенділер мен ҮЕҰ-ға мұқтаж адамдарға «балық аулайтын қармақты» қолдануды, яғни өздерін «балықпен» күнделікті қамтамасыз етуді үйрету үшін қажетті құралдармен қамтамасыз еттік».

2022 жылдың тағы бір жеңімпаз жобасы осындай «қармақтардың» біріне айналуы әбден мүмкін.  «Petrocouncil» заңды тұлғалар бірлестігі өзінің байқауға қатысу тәжірибесімен бөлісті.

- Біз байқаудан тек екінші талпыныстан кейін ғана өттік, бұл іріктеудің қатаңдығы мен жұмыс процесін барынша ашық етуге мүмкіндік беретін әлеуметтік жобаларға қатысты компанияның барлық ережелері мен талаптарын сақтау қажеттілігін көрсетеді. Осы ретте, біз қазіргі уақыттағы өте өзекті тақырып - кәсіпкерлерді пандемия кезінде бизнесті жүргізуді жақсарту бойынша оқыту, сондай - ақ жұмыссыздарды стартап-кәсіпкерлікке оқыту жобасын таңдадық. Жоба аясында біз пандемия кезінде дағдарыстан зардап шеккен 120 кәсіпкерге (жеке кәсіпкерлер мен ЖШС-ін оқыту, кеңес беру) көмек көрсетуді, сондай-ақ 200 жұмыссызды Атырауда және Жылыой ауданында өзінің бастапқы бизнесін жүргізу үшін оқытуды жоспарлап отырмыз, - дейді «Petrocouncil» басшысы Асылбек ЖАКИЕВ.

«Біз де адамбыз» жобасы аясындағы сабақтар

ТШО 2022 жылы «Sezual» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің арнайы жобасын қолдауды жалғастыруда (қаз. сезу-сезіну, ал-қабылдау). 2021 жылы «Sezual» белсенділері ғалым Ғалымжан Ғабдырешовтың жетекшілігімен Брайльдің электронды оқулықтарын үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) жасап шығарды. Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде 45 оқулық Атырау облысының нашар көретін балаларына сыйға тартылды. «Sezual-дың» өнертабыстары Дүниежүзілік Банктің мойындауына ие болып, БҰҰ сыйлығының номинанты, «Tribune» сыйлығының жеңімпазы атанғанын атап өткен абзал.

Жобаға қатысушыларға алғыс хаттар тапсыру. Суретте: оң жақта ғалым Ғалымжан Ғабдірешов

Сондай-ақ, компания 2021 жылы «Integrity» тобының жасөспірімдерге болашақ мамандықты таңдауға көмектесетін, басымдықтарды белгілеуге, өздерінің күшті және әлсіз жақтарын, тайм-менеджментті, эмоциялық біліктілікті, қажетті ақпаратты іздеу мен таңдауды үйретуге көмектесетін «Кәсіптік бағдар: болашақты таңдап, өзің басқар» жобасын қолдады. Жобаның маңыздылығын олардың «QAZAQSTAN PROJECT MANAGEMENT AWARDS 2021» атты екінші ұлттық байқаудың «Үкіметтік емес ұйымдар» категориясында «Жылдың үздік жобасы» номинациясында алтын жүлдені жеңіп алғандығы көрсетеді.

2010 жылдан бері ТШО әлеуметтік жобаларды қаржыландыру шеңберінде жалпы құны 11,1 млн. АҚШ долларын құрайтын 94 жоба жүзеге асырды. Бір ғана 2021 жылдың өзінде 400 000-нан астам адам ТШО-ның 14 әлеуметтік жобасының оң әсерін көрді.

28 қаңтар 2022, 17:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.