Бүгін, 4 қаңтарда Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жүздеген мұнайшы жұмысын тоқтатып, Маңғыстау облысын қолдау митингісіне шықты.
- Біз Маңғыстауды қолдаймыз! - деп жұмысшылар айқайлап, әнұранды шырқады.
Соңғы мәлімет бойынша, оларға минут сайын басқа ауысым жұмысшылары қосылып жатыр. Олардың көпшілігі болашақ кеңейту жобасының жұмысшылары.
- Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков жұмысшылармен кездесу үшін Теңізге ұшып кетті, - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Теңізшевройл» ЖШС жұмысшылардың ереуілге шыққаны туралы ақпаратты растады.
- «Теңізшевройл» ЖШС қосалқы мердігерлердің бірқатар жұмысшысы Маңғыстау облысындағы бейбіт митингілерді қолдайтынын білдіру үшін Теңіз кен орнына жиналғанынан хабардар. ТШО мен мердігерлерінің еңбек қатынастары жөніндегі топтары бұл жағдайды тезірек шешу үшін бірлесіп жұмыс жасауда. ТШО-ның өндірістік қызметі әдеттегідей жалғасуда, - деп хабарлады ТШО.
ТШО Өндірістік қатынастар бөлімінің өкілдері мердігер мекемелермен кездесулерге үнемі қатысып, тез арада шешуді қажет ететін мәселелерді анықтайтынын айтады.
Бұл ретте ТШО митингке шығушылар санын нақтыламады.
Еске салсақ, 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының екі есеге күрт өсіп, 120 теңгеге дейін көтерілуіне қарсы стихиялық митинг басталған болатын. Митингіге шыққандар бағаны 60 теңгеге дейін төмендету талабын қойды. Содан кейін әлеуметтік желіде бағаны «күздік» 50 теңгеге дейін төмендетуді талап еткен видео тарады.
Бүгін митингілер Жаңаөзен қаласында, Ақшұқыр, Құрық ауылдарында жалғасты.
Бұдан басқа, Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы мен Индер ауданы Өрлік ауылында жүздеген адам жаңаөзендіктерді қолдап бейбіт митинг ұйымдастырды.
Фархат АБИЛОВ
Әлеуметтік желіден алынған видеолар