
Шымкент прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің инвесторлар қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтады.
Оқиғалардың бірінде «White Fellow-Deer» ЖШС-не шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы әкімшілік акт шығарылған.
Кейін компания корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша салық есептілігін ұсынып, хабарламада көрсетілген талаптарды орындаған. Осылайша, шектеулер қоюға негіз болған себептер жойылған.
Салық кодексіне сәйкес, мұндай себептер жойылғаннан кейін салық органы тиісті әкімшілік актінің күшін бір жұмыс күнінен кешіктірмей жоюға міндетті.
Алайда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті шектеуді тек төрт айдан кейін ғана алып тастаған.
Осы факті бойынша жауапты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 216 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, инвесторлардың банк шоттарына қойылған шектеулерді уақытылы алып тастамаған мемлекеттік кірістер органдарының тағы үш қызметкері де жауапқа тартылды.
Прокуратура бизнестің қызметіне заңсыз әкімшілік қысым көрсету фактілерінің жолын кесу бойынша жұмыс жалғасатынын мәлімдеді.
В Атырау +25.2