Атырау, 29 наурыз 18:27
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Жерден 10 шақырым биіктікте, Аяз ата үйге келеді, қауіпті асхана пышағы: жұмыста жүріп, Жаңа жылды қалай қарсы алады

Сурет
951 просмотра

Жаңа жылда өздері көңіл көтеріп, жақын жандарымен атап өткісі келмейтін жан аз шығар. Бірақ осы мерекені жыл сайын демалысыз маңдай термен жұмыс істеп атап өткізетін мамандық иелері де бар. «АЖ» бірнеше мамандық иелерінің жұмысымен танысқан еді.

Айгүл АДРАКОВА, ПД Жедел бақылау орталығының кезекші бейнебақылау инспекторы:

- Бұл салада еңбек еткен бес жыл ішінде соңғы үш жыл қатарынан жаңа жыл күні кезекшілікке қалғалы тұрмын. 31 желтоқсанда халықтың қозғалысы жиілегендіктен көшеде әр түрлі оқиғалар орын алады. Қалада кептеліс тудырмас үшін жол-көлік оқиғаларын, бағдаршамдардың істен шыққанын тез арада инспекторға хабарлап отырамыз. Одан бөлек қылмыстың алдын алудың да қамын жасаймыз. Мысалы былтыр жаңа жыл күнінде мейрамхананың жанында бірнеше адамның жиналып, келіспеушілік туындап жатқанын байқадым. Дереу сол жерге экипаж шақырып, жиналғандарды таратып, келіспеушілікті реттедік.

Бұл күні асығып жүріп, сөмкесін таксиде ұмытып кететін адамдар көп хабарласады. Таксидің номерін білмеген соң бізге қоңырау шалады. Камера арқылы тексеріп, тұрғындардың затын тауып береміз. Адамдар қуанып, алғысын білдіріп жатады. Бұл түні, әрине, жақындарыңның қасында болғың келеді, бірақ бұл мамандықтың маңызды әрі қажетті екенін түсінесің. Сағат тура 00.00-де аға инспектор бәрімізді рация арқылы жаңа жылмен құттықтайды.

Ерлан ДӘУЛЕТОВ, өрт сөндіруші-құтқарушысы:

- Есіме түсірейін... Биыл бесінші жыл жаңа жылды жұмыста қарсы алады екенмін. Бұл түні отшашулар, салюттар көп атылады, өрт болу ықтималдығы жоғары болғандықтан, дайын болу керек. Қала сыртындағы ауылдарда отшашудың жарқылы қораға түсіп, шөп өртенген жағдайлар болып тұрады. Сондықтан адамдарға абай болыңыздар, адамдардың мерекесін бұзбаңыздар дегім келеді.

Садуәқас БАЙСАРИЕВ, хирург-травматолог:

- 31 желтоқсанда зақым-жарақат бекетіне келушілер де аз болмайды. Бірақ кешкі 10-нан кейін тынышталады. Көпшілігі 31 күні жарақат алса да сол күні жаңа жылды тойлап, келесі күні келіп тұрады. Көбінесе әйел адамдар жаңа жылдық дастарханды дайындау кезінде қолымды пышақ кесіп кетті деп келетіндер кездеседі.

Болатбек, таксист:

- Жаңа жылдық кеште күндегіден екі есе артық табыс табуға болады. Бұл күні такси болғандар несібесіз қалмайды. Бұл күні таксилердің бағасы екі есеге қымбаттап кететіні жасырын емес. Бір жақсысы бұл күні тұрғындар ақшасын аямайды, қаншаға болса да келіседі. Өйткені отбасымызды асыраймыз деп, мерекелік дастарханда отыра алмаймыз.  Адамдар көбіне орталық алаңға және орталық алаңнан үйлеріне, мейрамханаларға қарай ағылады. 

Жолсерік Айнұр ҚҰСАЙЫНОВА:

- Отыз жылдан бері Атырау-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызында жолсерік болып қызмет етемін. Жаңа жыл түнінде де жолда боламыз. Менің байқауымша, бұл күннің біз үшін ерекшелігі - басқа мерекелерде жолаушылар саны артып, қосымша вагон тіркеуге мәжбүр болса, керісінше жаңа жылда жолаушы аз болып, бірнеше вагон бос келген кездер болған.

Әсет ЖҰМАБАЙҰЛЫ, ұшқыш:

Әсет Жұмабайұлы (суретте оң жақта)

- Жаңа жылда ауа райы нашарлап, ұшақтардың кешігіп, адамдар мерекені әуежайда немесе ұшақ бортында қарсы алады. Тұрақты жаңажылдық рейстер де бар. Scat Airlines әуекомпаниясында ұшқыш болып жүрген төрт жыл ішінде биыл бірінші рет жаңа жылды әуеде қарсы алмақпын. Бұл түні Атырау-Түркістан рейсін орындап,  ол жерге сағат 00:30-да қонамыз. Әрине, тура түн ортасы болғанда экипаж жолаушыларды жаңа жылмен құттықтайды. Отбасымды қонған бойда бірінші құттықтауға тырысамын. Жаңа жылды жерден 10 шақырым биіктікте қарсы алудың өзі бір ғанибет емес пе?

Оразгүл АЙТМҰРАТОВА, көше сыпырушы: 

- Өзбекстаннан Атырауға осы жұмысым үшін 15 жыл бұрын келгенмін. Жұмысым таңертең 7-де басталады. Мереке күндері түн ортасына дейін жұмыс жасаймыз, жаңа жылда да солай. Таңертең қайтадан 7-де жұмысқа тұру қажет. Жаңа жылдан кейін көшеде пакеттер мен шыршаның, сусынның қалдықтары көп шашылады. Бірақ жылдан жылға халық та бізге түсіністікпен қарап, қоқыстарды арнайы жәшікке тастап келеді.

...Жаңа жыл күні туыстарымды түнгі 12-де отшашуды тамашалап тұрып, бейнеқоңыраумен құттықтаймын.

Аяз ата: 

- Соңғы төрт жылда жаңа жылдық кештерде орталық алаңда Аяз ата болып көпшіліктің көңілін аулаймын. Бұл қосымша жұмысым өзіме ұнайды. Қасыма еріп жүретін Ақшақар менің жақыным болып келеді. Жаңа жыл қарсаңында бәрі отбасымен мерекені сезініп, балаларына қуаныш сыйлағысы келеді. Сол күні кеште отбасылық отырыстарына шақыртып, сыйлықтар үлестіруімді өтінетіндер де бар.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

4 қаңтар 2022, 12:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.