13 ақпанда шамамен сағат 19-да Атырауда полицейлердің, өртке қарсы күрес қызметінің және ішкі әскер сарбаздарының күшімен өткен жылы Болашақ ықшамауданынан салынған және Атырау – Халықаралық әуежай трассасын жалғайтын жолға тосқауыл қойылды.
Редакцияға Болашақ ықшам ауданының тұрғындары хабарласып, ықшам ауданға полицейлердің арнайы жасағы келіп, арнайы операция өткізуге байланысты ешкімге көшеге шықпауды өтінгенін хабарлады.
Біз Болашақ ықшам ауданына келген кезде ескі ипподром жолы ғана жабық екен. Үйлердің алдында полицейлер жасағы тұрды, тұрғындарды әуежай трассасы мен ықшам аудан арасындағы алаңқай жаққа қарай өткізбей жатты. Ықшам ауданның артқы жағында кинологтар иттерді іздің соңына түсірмек болды.
Тұрғындардың айтуынша, полицейлер подъездердің бірінен және алаңқайдан жарылғыш құрылғыларын тауыпты. Алаңқайдан жарылғыш құрылғысының табылғаны туралы мәліметті ІІД-дегі біздің дереккөзіміз де, қоршауда тұрған полицейлердің бірі де растады.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАтабылған жарылғыш құрылғысы туралы ақпаратты растаған жоқ. Ол рейд шараларының жүріп жатқанын мәлімдеді. Ал сол кезде ымырт үйірілген шақта жергілікті жылу қазандығына жақындап келген бір топ жергілікті тұрғындар үйлерінде ыстық және салқын судың ажыратылғандығына наразылық білдірді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ