
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мониторинг тобы Атыраудағы су тазарту сапасы мәселесін көтерді. Мамандардың пікірінше, өңірімізде тазартудың ескі тәсілі қолданылады, соның салдарынан су денсаулық үшін қауіпті болып отыр.
Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық арнайы мониторинг тобы басшысының орынбасары Болат ҚАСЫМОВ мәлімдеді.
– Атырауда әлі күнге дейін Африка елдерінің өзі бас тартатын технологияларды пайдаланатын кеңестік дәуірдегі станцияның бар екені қынжылтты. Бұл су алу сатысында және сүзгіден өткеннен кейін суды хлорлау кезіндегі қос хлорлау технологиясы. Бұдан бүкіл әлем бас тартып жатыр. Бұл онкологиялық аурулардың көбеюіне әкеліп соғады, өйткені бастапқы су алу барысында суда хлормен қосылған кезде канцерогенді заттар түзілетін органикалық заттар болады, – деді Б.Қасымов.
Комментарий алу үшін «Атырау облысы Су арнасы» КМК-не жүгіндік. Кәсіпорын бүгінде суды жалпы қуаты тәулігіне 120 мың текше метр болатын төрт сүзгі станциясының жіберетінін хабарлады. Оның біреуі ғана - №3 станция 2010 жылы салынса, қалғандары өткен ғасырдан бері қызмет етіп келеді. Ал №1 станция 1939 жылы, №2 - 1967 жылы, №4 станция 1994 жылы салынған. Алайда кәсіпорын Қасымовтың бұл пікірімен келіспейді.
– Бізге бергенде ауыз су барлық стандартқа сәйкес келеді, нормативтен ауытқу фактілері болған жоқ. Ауыз су сапасы ерекше бақылауда, үнемі зертханалық бақылау жүргізіліп тұрады, – дейді «Атырау облысы Су арнасы» «АЖ» сауалына берген ресми жауабында. - Хлор немесе хлор қосылыстары кез келген технологияда қолданылады, ал өзен суының сапасы нашарлап, күрт өзгерген жағдайда, баламасы жоқ (не хлорлап, не қайнату керек, бұл өнеркәсіп көлемінде мүмкін емес). Суды алғаш тазартқаннан кейін судағы қалдық хлор 0,8-1,2 мг/л-ге тең болады. Сүзілгеннен кейін резервуарлардағы және су құбыры желілеріндегі суды залалсыздандыру үшін - 0,3-0,5 мг/л, бұл қауіпсіз көрсеткіш және белгіленген нормалардан аспайды».
Кәсіпорында су тазарту жүйесін жақсартуға талпыныс жасалды. 2011 жылы Бергей РЫСҚАЛИЕВ әкім болып тұрған кезде жобалық қуаты тәулігіне 50 мың м3 болатын №5 сүзгі станциясы салынды. Бірақ сол кездегі көпшілігі секілді, жаңа нысанның сапасы нашар болғаны сонша, пайдалануға қабылданбаған. Іске қосу-реттеу жұмыстарын да аяқтамастан, нысанды тоқтатып қойды. Сондай-ақ, су түбіндегі шөгінділерді құрғату станциясын, су алу станциясын және т.б. салу жобалары қолға алынды. Бірақ олар да аяқталмай қалды, не жарамсыз күйде пайдалануға берілді. 2020 жылы билік №5 станция құрылысын соңына дейін аяқтауды ұйғарды. Қалалық құрылыс бөлімі «Павлодарэнергопроект» ЖШС жобалау ұйымына оны қайта жарақтау бойынша жұмыс жобасына тапсырыс берді. 2021 жылдың қазан айында жоба №15-0282/21 мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Бұл сүзгі станциясында суды залалсыздандыру үшін басқа реагент - натрий гипохлориді пайдаланылады. Бұл анағұрлым тиімдірек әрі қауіпсіз деп саналады. №5 сүзгі станциясы пайдалануға берілгеннен кейін №1 және №2 сүзгі станцияларын тоқтатып қоюға болады.
Бұдан басқа, алматылық «Казводоканалпроект» жобалау ұйымы қуаттылығы тәулігіне 60 мың м3 болатын №6 жаңа сүзгі станциясы құрылысы бойынша жобалық құжаттама әзірлеу жұмыстарын аяқтап қалды. Бұл жерде суды тазарту үшін заманауи «DYCLAR» технологиясы қолданылады. Зарарсыздандыру үшін натрий гипохлориті аммоний сульфатымен бірге қолданылады.
«ТЕХНОЛОГИЯМЫЗ ТИІМДІ ӘРІ АРЗАН»
Биылғы көктемде «Атырау облысы Су арнасы» жүргізген пилоттық сынақтардың негізінде «DYCLAR» технологиясы таңдалды. Сынақ кезеңі Жайықта су ең ластанған су тасқынымен тұспа-тұс келді. Біз әзірлеушілерге ең аз шығынмен анағұрлым тиімді су тазарту міндетін қойдық. Сынақ нәтижесі бұл технологияның ҚР СанПиН талаптарына сәйкес келетін ауыз су алу үшін тиімді екенін дәлелдеді. Технология ЕАЭО елдерінде қолданылатын үздік қолжетімді технологиялар тізіліміне енгізілген. Оны жүзеге асыру құны Қасымов ұсынған ультрасүзгілеу технологиясын қолданатын жоба құнынан 4 миллиард теңгеден астам төмен, – дейді «Атырау облысы Су Арнасының» баспасөз хатшысы Александр ПАСТУХОВ. Су тазарту станциясы құнының едәуір бөлігін құрайтын сыйымдылық жабдықтары мен металл конструкцияларын Атырау облысының кәсіпорындарында шығару жоспарлануда.
А.Пастуховтың айтуынша, хлорды заманауи реагенттермен алмастыру мәселесі өте қарапайым және ең аз шығынмен жүзеге асады. Бірақ өзен суының сапасы нашарлағанда немесе эпидемиологиялық (мысалы, қала тарихында орын алған тырысқаққа қарсы карантин секілді) жағдайларда хлорды алмастыратын зат жоқ. Ол мемлекет тарапынан қолдау тапқан су сапасын жақсарту, су тұтынуды арттыру, сондай-ақ, кәріз суларын тазарту жобаларына тоқталды. Осылайша, Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді әлеуметтік-экономикалық даму жоспары қуаттылығы тәулігіне 50 мың м3 болатын Береке ауылындағы су тазарту құрылғысын қайта жарақтау (№5 сүзгі стансасы) және Атырау қаласындағы қуаттылығы тәулігіне 60 мың м3 болатын №6 сүзгі станциясының құрылысынан басқа, Атырау қаласында қуаттылығы тәулігіне 180 мың м3 болатын су көтергіш және су тазарту құрылғыларындағы түп шөгінділерін құрғату станциясы құрылысын қамтиды. Бұл жоспарға кәріз суларын биотазарту және ластанған булану алаңдарын қалпына келтіру жобалары да кіреді. Қаланың сол жағалау бөлігіндегі КТҚ жұмыс істеп тұр, қаланың оң жағалау бөлігінде КТҚ құрылысы басталды. «Сасықсайдың» аумағы биыл тазартыла бастады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
В Атырау 0