Атырау, 4 желтоқсан 18:41
 ашықВ Атырау +1
$ 436.29
€ 492.83
₽ 5.92

Жекеменшік балабақша иелері атыраулық шенеуніктердің жасқаншақтығына наразы

Сурет Бейнежазба
1 158 просмотра

21 қазанда Атырауда 20 шақты кәсіпкер - жеке балабақша иелері облыстық әкімдіктің алдына жиналды. Олар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырыс орналастыру үшін конкурс өткізуге қол жеткізе алмай келеді. Бірақ жақында облыстық мәслихат сессиясында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА осы мемлекеттік тапсырыс туралы жақсы пікір айтып, оның кезекте тұрған орындардың жылжуына ықпал ететінін атап өткен еді.

Кейін жиналғандардың қасына Ішкі саясат басқармасының қызметкерлері жақындап, оларды ішке кіруге шақырды. Олармен бірге мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналары да ішке кірді. Олардың да қоятын сауалдары болатын.

Әкімдіктің мәжіліс залындағы кездесу Айнагүл Дүйсекенова мен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВАНЫҢ қатысуымен өтті.

Атап өту керек, Атырау қаласында 51 жекеменшік балабақша бар (мемлекеттік балабақша - 46). Оның ішінде 34-і мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. Ол жердегі ай сайынғы төлем мемлекеттік балабақшалардағыдай. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке балабақшада бір балаға 41 мың теңге бөлінеді. Яғни, мысалы, 10 балаға мемлекет 410 мың төлейді. Ал ата-аналар баласына тамақ үшін және қосымша түрлі үйірмелер үшін 12 мың теңге төлейді. Бұрын бұл жүйе біздің өңірде жақсы жұмыс істесе, қазір тоқтап қалды: тендердің өткізілмегеніне екінші жыл болды.

Атырау қаласы бойынша «Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығы» филиалының директоры Әлия МЕРЕКОВА:

- Шенеуніктер біздің проблемамызға назар аударғысы келмегендіктен, біз шығып, әкімдіктің алдына жиналуға мәжбүр болдық. Атырауда екі жылдан астам уақыттан бері жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша конкурстық орналастыру өткізілген жоқ. Осылайша 1500 бала мектепке дейінгі тегін білімнен айырылып отыр. Осы екі жыл ішінде біз жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті балабақшаларға кезектілікті жойдық. Бірақ шенеуніктер бізге қолжетімсіз. Қалалық білім беру бөлімі мәселемізге терең үңілгісі келмейді. Жыл басынан бері Білім министрлігінен бастап прокуратураға дейін түрлі инстанцияларға 20-дан астам хат жаздық.

Білім министрлігі қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға кедергі келтірмейтінін нақты түсіндіретін ресми хат берді! Бірақ білім беру басқармасының өкілдері заңды өз бетінше түсіндіреді. Қазіргі уақытта бәрібір конкурс өткізбейді. Ал біз бәріміз қызметкерлерге, банктерге және жеткізушілерге қаржылық міндеттіміз.

Азық-түлік пен коммуналдық қызметтер қымбаттап жатқанда жекеменшік балабақшалардың бірінен соң бірі мемлекеттік қаржыландырудың жоқтығынан жабылатынын жариялап жатқанына куә болып отырмыз. Енді проблеманы қалай шешуге болатынын білмей отырмыз.

Оның айтуынша, өңірдегі білім беру саласының көшбасшылары БҒМ-нің 2016 жылғы 29 қаңтардағы («Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдеріне, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге және қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын бекіту туралы») №122 бұйрығына қажетті түзетулерді күтіп отырмыз деумен ақталып отыр. 

Мұны қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВА растады:

- 2021 жылғы қаңтар басталғалы біз облыстық білім беру басқармасына тиесіліміз, ал бұрын қала әкімдігіне қарайтынбыз. Жаңа мемлекеттік тапсырысты ашу үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру конкурсының жеңімпаздарын анықтауға комиссия құруымыз қажет. Ешқандай кедергі жоқ, біз заң шеңберінде жұмыс жасаймыз. Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №122 бұйрығын негізге ала отырып, нормативтік-құқықтық құжаттарды басшылыққа аламыз. Онда комиссияны жергілікті атқарушы органдар құратыны көрсетілген.

Біз министрліктен мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін комиссия құрамын қай мемлекеттік орган бекітуі керек екенін сұрадық. Бізге бұйрыққа өзгерістер енгізіліп жатқанын, күте тұру керек екенін айтты. Сондықтан біз қазір конкурс аша алмаймыз. Кәсіпкерлерді түсінемін, бірақ біз заңды түрде әрекет етуіміз керек. Комиссия құрылғаннан кейін конкурсты ашып, мемлекеттік тапсырыс орналастырамыз. Бәріміз осыны күтіп отырмыз.

Бірақ, Мерекованың пікірінше, біздің шенеуніктер заңның қыр-сырын түсінбей, сақтық жасап отыр.

- «Білім туралы» заңда, егер екі бұйрық бір-біріне қарама-қайшы келсе, онда кейін шыққан бұйрық орындалады деп жазылған. Соңғы шыққан БҒМ-нің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №533 бұйрығына сүйенсек, біз конкурс өткізе аламыз, мұны БҒМ заңгері бізге түсіндірді, - деді ол кездесуде.

- Бізде де барлық нормативтік құжаттар бар. Комиссия мүшелері мақұлданды, тек мұны заңды түрде жасау керек. Министрліктің соңғы бұйрығы - конкурс орналастыруға болады деген, бірақ комиссия құру туралы емес, - деп жауап берді Шангереева.

Бұл арада білім саласындағы шенеуніктер сыбайлас жемқорлық жанжалдарынан кейін, атап айтқанда, әкімнің білім беруді қадағалайтын орынбасары Сайлауовамен және облыстық білім беру бөлімі бастығының орынбасары Көлбаеваға қатысты істерден кейін жауапкершілікті өз мойындарына алғысы келмейді-ау деген ой келеді. 

Мерекованың айтуынша, басқа өңірлерде жыл басынан бері конкурс өткізілген және жеке балабақшалар мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп жатыр:

- Олар сонда бізден ақымақ па? Біздің білім саласының шенеуніктері басқа өңірлердің оларға үлгі емес екенін айтады. Сонда елімізде әр өңірде заң әртүрлі болғаны ма? – дейді ол қисынды сауал қойып. Бірақ бұл сауалға әзір жауап жоқ.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

22 қазан, 17:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.