Атырау, 10 қазан 01:22
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Алысқа сапар және тот басқан шеге

Сурет
1 911 просмотра

Атырау тұрғыны Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА Air Astana әуе компаниясының «Атырау-Алматы» рейсінде жолаушыларға ұсынылған тағам арасынан тот басқан шеге тауып алған. Компания кешірім сұрап, өтемақы ретінде $20 көлеміндегі сертификатын ұсынады, алайда оның мерзімі өтіп кеткен екен.

8 тамызда Лаура Сүлейменова кіші қызымен Атыраудан Алматыға кешкі рейспен ұшқан кезде берілген тауық етін жеп отырып, сүйек тәрізді қатты нәрсені сезеді. Майлыққа түкірген кезде оңай сынатын қара-қоңыр түсті шегені көріп шошып кетеді.

- Дереу стюардессаны шақырдым, оны 10 минуттай күтуге мәжбүр болдым. Шегені көрген кезде ол да қорқып, жүгіріп аға жолсерікке алып кетті, - дейді Лаура. – Ол әрі қарай тергеу жүргізу үшін толтырылған актіге қол қоюды өтініп, алдын ала кешірім үшін әуе компанияның қызметіне $20 сертификат ұсынды. Түн ортасы болғандықтан әрі шаршағандықтан тергеу жүргізу шартымен сертификатты алдым. Аға жолсерік жақын арада егжей-тегжейлі түсіндіріп, мән-жайды анықтау үшін менімен әуе компаниясының өкілдері хабарласады деп сендірді.

Алайда оған ұзақ уақыт ешкім хабарласпаған, ал 23 тамызда «ыстық тағам орайтын цехта ешқандай металл заттар жоқ» деген жауап келген. Жарайды, 20 долларға жеңілдік сертификаты қалды ғой дейді. Өткен аптада жолға дайындалған кезде Лаура оны пайдаланғысы келген. Бірақ оны тағы бір «тосын сый» күтіп тұрды.

- Әуе компаниясының сайтында бірнеше рет белгіленген осы ваучер нөмірі жарамсыз болып шықты. Оқиға болғалы 2 айға жуық уақыт өтті. Менің бірнеше сұрағым бар: егер тағам дайындап, жеткізетін ыстық тағам орау цехында бәрі дұрыс болса, менің тағамыма металл зат қалай түсті? Неліктен тиісті тексеру жүргізіліп, әуе компаниясы клиенттен ресми түрде кешірім сұрамады? Неліктен маған, зардап шеккен клиентке қате нөмірлі сертификат берілді? - дейді Л.Сүлейменова.

Кейінірек Air Astana әуе компаниясының өкілдері онымен байланысқа шығып, «шешеміз» деп уәде берген.

- Тамаққа қатысты шағым Атырау халықаралық әуежайындағы борттық қызмет көрсету цехына тексеру үшін жіберілді. Борттық қызмет көрсету цехының қызметі қатаң реттелген. Бұрын мұндай шағымдар түскен жоқ, бірақ біз цех басшылығынан болашақта мұндай жағдайға жол бермеу үшін шара қолдануды сұрадық. Бортта жолаушыға берілген қағаз түріндегі сертификат,  ол тек сату кеңселерінде қолданылады. Клиенттермен жұмыс бөлімі оны жаңадан енгізілген электронды сертификатқа ауыстырады, - деп хабарлады Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі.

Фархат АБИЛОВ

Л.Сүлейменова жолдаған суреттер

30 қыркүйек 2021, 15:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.