Атырау, 21 қазан 11:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +9
$ 425.95
€ 495.12
₽ 6.00

«Әйелін бесіктің ағашымен сынғанша сабаған»

903 просмотра

Өңірлік коммуникациялар қызметінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы талқыланды.

Облыс әкімінің жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Замзагүл ЖАЛМУРЗИНАНЫҢ айтуынша, әйелдер көбіне ерінің қол көтеретініне, балағаттайтынына шағымданады. Мәселен, жақында Атырауда 29 жастағы ер адам өзінен алты жас кіші әйелін жер-жебіріне жетіп балағаттап, бесіктің ағашымен сынғанша сабаған.

Облыстық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса АЙТЖАНОВАНЫҢ айтуынша, былтыр облыста отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты төрт жағдай тіркелсе, жыл басынан бері үш жағдай тіркелген. Бұл ҚР ҚК-нің 106- («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру»), 107- («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру») және 115 - («Қорқыту») баптары бойынша қозғалған қылмыстар. Бірақ көпшілігі қылмыстық хроникаға ілінбейді...

Р. Айтжанова тұрмыстағы жанжалдың отбасындағы тәрбиеден басталатынын тілге тиек етті:

Ата-анасының арасындағы жанжалды үнемі көріп өскен бала соны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ал ол өзі де сол әдетті ертең отбасын құрғанда қайталамасына кім кепіл?

Оның айтуынша, жыл басталғалы 102 операторына әйелдер тарапынан Атырауда 3613, ал аудандардан 555 хабарлама түскен. Әсіресе, Жылыойдан көп. Негізінен күйеуі спирттік ішімдік ішіп, содан соң балағаттайды, сөзбен қорлап тиiседі, үй ішіндегі тұрмыстық заттарды бүлдiреді деп шағымданады.

Естеріңізге салсақ, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар ерлі-зайыптылар, бұрынғы ерлi-зайыптылар, бiрге тұратын немесе бiрге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасында болған дау-дамайлар. Бұл фактілер бойынша ҚР ӘҚБК-нің 73-бабы («Құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және басқа да әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса») аясында жауапкершілік қарастырылған. Былтыр осы баппен 807 адам, биылғы сегіз айда 1522 адам жауапкершілікке тартылған. Бірінші рет сот ескерту береді немесе бес тәулікке қамайды, екінші рет қайталаса 10 тәулікке қамалады. Ал бұл жүйелі түрде қайталанса, полиция 30 күнге жанжалқорға қорғау нұсқамасын шығарады. Онда оған тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушіні, оған қоса отбасының кәмелетке толмаған мүшелерін еркінен тыс іздеуге, аңдуға, баруға, ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және онымен басқа жолдармен байланыс жасауына тыйым салынған. Қажет болған жағдайда, оның мерзімі үш айға дейін ұзартылуы мүмкін. Қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Былтыр бұл үшін 80 ер адам, биыл жыл басынан бері 146 ер адам әкімшілік жазаға тартылған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер уақытша панаға мұқтаж болған жағдайда Атырауда Дағдарыс орталығы бар. Орталықтың сенім телефоны: 46-60-60. Қазір бұл орталықта 17 әйел және 51 бала уақытша тұрып жатыр.

Айнұр САПАРОВА

27 қыркүйек, 18:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.