Атырау, 28 наурыз 21:12
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Басқа емхана таңдауға әлі уақыт бар

1 549 просмотра

15 қыркүйекте Қазақстанда жыл сайын жүргізілетін емханаға (бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымдар) тіркеу науқаны басталды. Бұл шара 15 қарашаға дейін жалғасады. Науқан кезінде жергілікті тұрғындар өздері тіркеуде тұрған емхананың жұмысына қанағаттанбаса, басқа емханаға ауыса алады немесе өз еркі бойынша таңдаған емханаға ауысуға мүмкіндігі бар. Қазір облыстың 107 тұрғыны еркін таңдау бойынша емханаларға тіркеліп үлгерген. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен онлайн-брифингте облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Қайсар АБДАЛИЕВ хабарлады.

Арнайы санаттағы адамдар емханаға жүгіну арқылы тіркеле алады. Ал қалғандары жылдағыдай электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимде тіркеледі. Емханаға келіп тіркелуіне болатын санаттағы азаматтар да бар - олар зейнеткер, студенттер, әскери қызметкерлер сияқты азаматтар. Онлайн өтініштер бір жұмыс күн ішінде өңделеді. 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла ҒАЗИЗОВТЫҢ айтуынша, бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының дерекқорына тіркелген болуы шарт. Сонымен қатар, қормен келісімшартқа отырады:

- Өз кезегінде біз дерекқордың ашықтығына жауап береміз. Соған байланысты 2022 жылға қаржыландыру жұмысы жоспарланады. Аталған медициналық ұйымдарға тіркелгендер үшін мемлекеттен ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүреді. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін кепілдендірілген медициналық көмектің көлемін алуға әр ҚР азамат құқылы. Ал жоспарлы емделу, қымбат диагностикалық зерттеулер, бейінді мамандардың қабылдауы, жоғары технологиялық емдер бойынша қызмет алу үшін кәмелетке толған әр азамат міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы шарт. Ал сақтандыру мәртебесін электронды үкімет порталында, қор сайтында, Медициналық сақтандыру қоры @SaqtandyryBot телеграмм-боттында, Qoldau 24 7 қосымшасы арқылы білуге болады.

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК Атырау облыстық филиалы директоры Айбек ОРЫНБАСАРҰЛЫНЫҢ айтуынша, облыстағы 664 мың халыққа бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін 23 медициналық ұйым тіркелген. Оның ішінде 15-і мемлекеттік, 8-і жеке меншік клиникалар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тіркелген.

Айнұр САПАРОВА

27 қыркүйек 2021, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.