Атырау, 27 сәуір 01:03
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Оқиғалар тізбегі

1 845 просмотра

Құлсары қаласында полицияға 3-ықшамаудандағы балалардың ойын алаңында жасөспірімдер арасында топтық төбелес болып жатыр деген қоңырау түсті. Оқиға орнына келген ювеналды полиция инспекторлары мұның жалған қоңырау екенін анықтады. Кәмелетке толмаған қоңырау шалушы анықталып, ұсталды. ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабының 3-тармағы («Он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру») бойынша ата-аналарға ескерту немесе 15 АЕК айыппұл түрінде жаза қарастыратын хаттама толтырылды.

* * * * *

Атырауда полицейлер психотропты дәрілік «трамадол» және «тропикамид» препараттарын тиісінше 50 және 40 дана мөлшерінде заңсыз сатқан 23 жастағы қызды ұстады. ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы («Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар айналысы саласының қағидаларын бұзу») бойынша хаттама жасалды, материалдар медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жолданды.

* * * * *

6-12 қыркүйек аралығында Атырау ҚПБ патрульдік полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 16 жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мысалы, 10 қыркүйекте таңғы сағат 4-те Н.Ватутин көшесінде Toyota Camry көлігі тоқтатылды. Оның жүргізушісінен ішімдіктің иісі шығып тұрды. Медициналық сараптама мас күйді растады. Нәтижесінде құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Келесі түні патрульдік полиция Байтұрсынов көшесінің бойындағы мейрамхана жанынан «ГАЗ-27057» көлігін тоқтатты. Оның жүргізушісі де мас болған. Ол да дәл осындай жаза алды.

Ішімдік ішіп алған жүргізушілер кішігірім апат жасайды, өйткені олар өз әрекеттерін толық бақылай алмайды. Жыл басынан бері Атырауда осындай 35-ке жуық құқық бұзушы жауапқа тартылды. Мысалы, 11 қыркүйек күні Сәтпаев даңғылындағы көпқабатты үйдің ауласында сол аулада мас күйінде Lada 21214 көлігінің 40 жастағы жүргізушісі Toyota Camry көлігімен соқтығысқан. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-тармағына («Жүргізушінің басқа көлік құралын бүлдіруге әкеп соққан көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы») сәйкес хаттама жасалды. Сот шешімімен құқық бұзушы 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

* * * * *

13 қыркүйекте кешкі сағат 9 шамасында Атырау ҚПБ-на Нурсаядағы балалар алаңында жасөспірімдердің сыра ішетіні туралы сигнал келіп түсті. Оқиға орнына келген ювеналды полиция қызметкерлері 15-16 жастағы бірнеше қала тұрғынының осы жерде «көбікті сусын» ішетінін анықтады. ДП баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР ӘҚБтК 440-бабының 2-тармағы («Он сегіз жасқа толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жасөспірімдердің ата-аналарына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынып, профилактикалық әңгіме жүргізілді. Бұдан басқа, сол түнде үйден тыс жерде жүрген 30 шақты жасөспірім анықталды. Олардың ата-анасы ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы») бойынша жауапкершілікке тартылды. Полиция департаментінің баспасөз қызметі 13-19 қыркүйек аралығында өңірде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатқанын еске салды.

* * * * *

Мониторинг барысында Қызылқоға аудандық прокуратурасы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің «Вест Дала» ЖШС-не заңсыз тексеру жүргізгенін анықтады. Осы факті бойынша бұл шешімді қабылдаған лауазымды тұлғаға ҚР ӘҚБтК-нің 175-бабы («Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзу») бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

* * * * *

Атырауда «Участок» іс-шарасы барысында 3 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шара 7 қыркүйекте басталды, жыл соңына дейін жалғасады. Ол кешенді, әр түрлі құқық бұзушылықтарды қамтиды. ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде учаскелік полиция инспекторлары 200-ге жуық пәтер мен 253 шаруа қожалығын тексерді.

Атап айтқанда, қару сақтау мен тіркеу мерзімін бұзудың 13 фактісі анықталды, отбасындағы төбелес үшін 120 азамат ұсталды.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА мен Айнұр САПАРОВА

20 қыркүйек 2021, 17:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.