Атырау, 28 наурыз 17:52
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Мен арабтарды ұрған жоқпын, қорғадым

1 725 просмотра

Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны Руслан ШАХАЕВТЫ Теңіздегі жұмысынан шығарып, кеніш аумағына кіруге тиым салған. Себебі ол 2019 жылы Теңіз кенішінде болған қазақстандық жұмысшылар шетелдік жұмысшыларды, көбіне арабтарды соққыға жыққан жаппай төбелеске қатысқан.  Өзінің айтуынша, ол оларды ұрмаған, керісінше отандарстарын сабырға шақырған.

Руслан Шахаев Теңіз кен орнында 2004 жылдан бері көптеген компанияларда жұмыс істеп, ешқандай сөгіс немесе тәртіптік жаза алмаған. Алайда 2019 жылы оны жұмыстан шығарып, ТШО-ның арнайы «қара тізіміне» енгізіп қойған.

- Ол кезде мен  "Consolidated contracting engineering & procurement s.a.l. - offshore" компаниясында еңбек қауіпсіздігі инженері болып жұмыс істеп жүрдім. Төбелес кезінде Теңізде вахтада болдым, шетелдік азаматтарды қорғап, ешкім ұрып-соқпасын деп жүрдім. Өйткені бұл үшін кейін жауап беретін едік. Бірақ ол әрекетім ескерілген жоқ, мені төбелеске қатысты деп жұмыстан шығарып жіберді, - дейді Руслан Шахаев.

Кейін Руслан «Құлсарыгаз» ЖШС қызметке тұрып, Теңіз кен орнында жұмыс істеуге құжаттарын тапсырады. Алайда оған Теңіз аумағына кіруге рұқсатнама берілмейді. Себебі ТШО-ның ақпарат базасында ол төбелеске қатысушы, еңбек заңнамасын өрескел бұзушы ретінде тіркеліп тұр. Енді ол өмір бойына Теңіз кенішіне аяқ баса алмайды.

- Өзімді мақтамай-ақ қояйын, бірақ мен өз ісімнің тәжірибелі маманы ретінде Құлсары қаласынан жұмыс табуыма болады. Олардың жалақысы мардымсыз. Оған бес баламды, оның ішінде мүгедек баламды асырауға жетпейді, - дейді Руслан.

«АЖ» сауалына Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы бұл мәселеге араласа алмаймыз және: «ҚР Еңбек Кодексінің 17 бабына сәйкес, рұқсатнама беруден бас тартудың себебі жөніндегі арызды біздің басқарма қарамайды» - деп жауап берді.

Ал Жылыой аудандық әкімдігінің жауабы мынадай болды: «2020 жылдың сәуірінде жұмыссыз ретінде тіркелген. Орталыққа түскен сұранысқа сәйкес компанияларға түйіндеме жолданды. Солардың ішінде «Теңізшевройл» ЖШС-нен оған Теңіз кенішіне рұқсатнама бұғатталып тұр деген жауап келді».

Ал «АЖ» сауалына «ТШО» ЖШС мынадай жауап жолдады: «Заңға бағынышты компания ретінде біз ҚР заңнамасының барлық талаптарын, соның ішінде еңбек қатынасына қатысты талаптарды орындаймыз. Сіздің сауалыңыздағы «қара тізім» деген не екені бізге түсініксіз. Егер мәселе ТШО нысандарына кіруге қатысты болса, онда сіз атап көрсеткен мердігер компания қызметкерінің рұқсатнамасы бойынша проблемасы туралы бізге белгісіз. Тікелей ТШО-ның өзіне келетін болсақ, біз жұмысқа орналасуға ниет білдірген үміткерлердің барлық өтінішін тең құқықты және кемсітусіз негізде қарастырамыз. Мердігер компаниялардың жұмысқа орналастыру туралы мәселесі бойынша сауалды сол ұйымдардың басшылығына жолдағаныңыз жөн».

Осы жауапқа байланысты ТШО-да ешқандай «қара тізім» жоқ екені анықталып отыр, мердігер компаниялар кімді жұмысқа алып, кімді қабылдамайтынын өздері шешеді.  Ал Шахаев болса Құлсары қаласында такси қызметін атқарып жүр.

Фархат АБИЛОВ 

20 қыркүйек 2021, 10:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.