Атырау, 24 қыркүйек 22:34
 ашықВ Атырау +15
$ 425.02
€ 498.17
₽ 5.85

Ashyq-ты «айналып өтуге» болады екен

Сурет
1 202 просмотра

Ashyq жүйесі осы жылдың маусым айынан бастап енгізілген. Қосымша Денсаулық сақтау министрлігінің дерекқорында сау деп тіркелген адамдар ПТР-сынамасыз қоғамдық орындарға бара алатындай етіп жасалған. Мен бұл қосымша қойылған міндетті орындай ала ма, жоқ па, соны тексеріп көрдім.

Алдымен сауда нүктелеріне бардым, өйткені біз оған күн сайын барамыз және оған келушілер де көп болады. Үйімнің жанындағы «халықтық» супермаркетке кірдім. Кірер кезде телефон камерасын қосып, бүкіл процесті түсірдім. Ішінен өз мәртебемді тексере алатын QR код ілінген бірде-бір тақтайша таппадым. Бүкіл дүкенді аралап шықтым. Толық эксперимент жүргізу үшін тіпті маскамды түсіріп тастадым, бірақ бұл ешкімді қызықтырмады. Бірақ дүкен қызметкерінің бірі өнімдерді сөрелерге маскасыз қалай орналастырып жатқанын байқадым. Жақын жерде «7 Я» желісінің дүкені бар еді, ол жерде де бәрі дәл солай қайталанды. «Идеалда» да менің мәртебем ешкімге қызық болмады.

«Атырау» сауда орталығының кіреберісінде QR коды бар стенд тұрды, бірақ мен Ashyq-ты қолданбастан ішке кіруді ұйғардым. Кіре берістегі күзетші маған немқұрайлы қарап, бұрылып кетті. Оны да түсінуге болады, күн сайын мен сияқты мыңдаған адам кіріп-шығады. Сауда орталығынан шықпас бұрын Ashyq-ты айналып өтудің басқа бір тәсілін тексермек болып, телефонымды QR белгісіне әкеліп, мәртебемнің скринын жасадым. Бұл «Байзар» сауда орталығы болатын. Кіре берісте үстелде екі қызметкер отыр, олардан бәрін сатып алуға болады: маска, антисептик, тіпті бір рет қолданылатын қолғаптарды да. Олар қосымшаны ашып, QR коды жазылған тақтайшаға жақындатуды сұрады. Бірақ олар жарты сағат бұрын басқа сауда орталығында көрсеткен «жасыл» мәртебенің скринін көрсеткен қулығымды байқамады. Мен сияқты қулықпен өтіп кеткен мәртебесі әртүрлі адамдар дүкендерде жүр-ау деп күмәндандым. Орталық ішінде де қызметкерлердің 30%-ға жуығы маскасыз жұмыс істеп жүрді.

Содан соң кафені аралап шықтым. Kazburger бургер кафесіне кіре берісте маған бір қыз келіп, кодты сканерлеуді сұрады. Мен телефонсыз келдім деп жауап бердім. Содан кейін ол ЖСН-ымды айтуды өтініп, мәртебемді өзі тексерді.

«Шафранның» іші бос болды, QR бар стендтер жоқ екен. Ішіне емін-еркін кіріп шықтым.

Эксперимент таза болу үшін банкке бардым. «Каспий банк» бөлімшесінде адам көп екен. Қызметкерге жақындап, валюта бағамын көру үшін ішке кіруге рұқсат сұрадым. Ол мені бағам жазылған мониторға сілтеді. Бұл жерде ешқандай мәртебе сұрамады. Мен бүкіл залды айналып шықтым.

Бір қызығы, қазір медицина мекемелерін ең қауіпті жер деп атауға болады. №1 қалалық емханаға бардым. QR тақтасы жоқ, алайда маска киген қыз қол білезігінен инфрақызыл термометрмен дене қызуын тексерді. Неге оларда Ashyk жоқ екенін сұрадым, бірақ ол жақ ашпады.

Халық көп баратын Халыққа қызмет көрсету орталығының кіреберісінде екі әйел келушілерді Ashyq мәртебесі бойынша өткізіп тұр. Телефонымды QR сканерлегендей белгіге тез жақындатып, оларға жасыл кодымды көрсетіп, өтіп кеттім.

Халықаралық әуежайдың келушілерді қалай қорғайтыны қызық болды. Ғимаратқа кіре берісте адамдарды екі күзетші қарсы алып тұр. Тағы да Ashyq мәртебесі бар бұрынғы скрин жасалған трюгімді қайталадым. Олар телефоныма атүсті қарап, мен ішке кіріп кеттім.

Бұл күні мен не нәрсеге көз жеткіздім? Ashyq жүйесін аттап өту қиын емес екеніне. Науқас бола тұрып, Денсаулық сақтау министрлігінің дерекқорында қызыл мәртебең болса да, жалған мәртебемен қоғамдық орындарда басқаларға ауру жұқтырып жүруге болады екен. Достарым менің редакторлық тапсырмам туралы білген кезде маған секундқа дейін көрсетілген интерактивті мәртебені жолдады. Бірақ мұндай лайфхактың маған қажеті болмады, жай ғана скринмен барлық жерден өтіп кеттім. Сауда орталықтарында, банктерде және тіпті емханаларда маскасыз жүрген адам көп, пандемия жоқ секілді ешкім қашықтықты сақтамайды. Сонда онымен күресудің не мәнісі бар?

Аршат ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Суреттерді түсірген автор

15 қыркүйек, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.