Ұлттық ұлан сарбаздары жеке үйлердің біріндегі өрттің алдын алды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, өрт 11 қыркүйекте сағат 19:40 шамасында басталған.
- №5546 әскери бөлімінің патруль жасағының басшысы Нұрсұлтан Абдуллаев, қатардағы сарбаздар Михаил Лопатин мен Нұрсұлтан Сәрсен Берғалиев көшесінен қара түтінді байқаған. Олар оқиға орнына жедел жетіп, автокөлік салонының элементтеріне ұқсас белгісіз заттардың жанғанын анықтады. Осы кезде оларға көмек сұрап айқайлаған қарт әйел – үй иесі жүгірген. Ұлттық Ұлан сарбаздары қолда бар құралдармен өртті жедел сөндірді. Ешкім зардап шеккен жоқ - деп хабарлады «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Ерболат СҰЛТАНОВ.
Осыдан кейін үй иесі Сағи ӘЖІБАЕВА сарбаздарға алғыс айтып, №5546 әскери бөліміне алғыс хат жолдады.
- Үйде жалғыз едім. Сарбаздар қол ұшын созбағанда, үйімнен айырылатын едім. Олардың көрсеткен көмегіне ризамын, - деп алғысын білдірді Сағи Әжібаева.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА