Атырау, 26 сәуір 08:01
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Монополияға қарсы қызмет тарифтердің күрт өсуіне жол бермеуге уәде береді

1 332 просмотра

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қоғамдық қабылдауының жұмыс барысында Атырау облысындағы коммуналдық қызметтер тарифтері талқыланды.

Мәселе мынада, қазір Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінде электр энергиясының құны мен газ тасымалдау тарифін (2,2 есеге) көтеруге өтінімдер қаралуда. Бұдан басқа, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның тауарлық газды бөлшек сату қызметінің қолданыстағы тарифі «Атырау облысындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бәсекелестікті дамыту» қоғамдық бірлестігінің пікірі бойынша, пропорционалды төмендетілмеген: жақында табиғи газ тасымалдау тарифін департамент 18,2%-ға, ал тұтынушылар үшін соңғы бағаны бар болғаны 2,93%-ға төмендетті.

- Атырау облысы бойынша бұл өтінімдер қарастырылуда, бірақ қазір тарифтердің деңгейі қандай болатынын айта алмаймыз. Тек қана бұл тарифтерде негізсіз шығындар болмайды деп кепілдік бере аламыз. Біз тарифтік смета жобаларын қарауға қатысатын қоғам белсенділерінің көмегімен барлық шығынды бақылаймыз және оның күрт өсуіне жол бермейміз, - деп сендірді ҚР табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Асхат ЖАПСАРБАЙ.

Оның айтуынша, қазір ҚР Сенатында табиғи монополиялар туралы заңға барлық субъектілердің сатып алуларын электронды форматқа көшіру бөлігіне түзету енгізу жұмыстары жүргізілуде. Болашақта тұтынушылар табиғи монополия субъектілерінің түрлі сатып алу рәсімдерін қадағалап, қоғамдық бақылау жасай алады.

Екінші мәселеге келсек, тауарлық газдың бөлшек бағасы көтерме бағаның, газ тарату жүйелері арқылы газ тасымалдау тарифінің және оны сатумен байланысты шығындардың негізінде құрылады.

Қазақстанда газбен жабдықтау саласындағы тарифтер мен бағаларды мемлекеттік реттеу функциясын екі мемлекеттік орган атқарады: Энергетика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК).

Ал негізгі тұтынушылар үшін шекті баға ҚР Экономика министрлігі бекіткен тауарлық газдың шекті көтерме бағасынан және ТМРК бекіткен тауарлық газ тасымалдау қызметінің шекті тарифінен тұрады. Атырау облысында түпкілікті бағаның көтерме бағадағы үлесі 57,2%, тауарлық газды сату бойынша шығындар үлесі 24%, ал тауарлық газды тасымалдау тарифінің үлесі 18,8% құрайды. Тауарлық газды тасымалдау тарифінің 18,2%-ға төмендеуіне байланысты Атырау облысының тұтынушылары үшін соңғы баға 2,93%-ға төмендеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

13 қыркүйек 2021, 15:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.