"Ауғанстан әйелдері университетте ерлерден бөлек оқып, мұсылманша киінуге міндетті" деді 12 қыркүйекте "Талибан" құрған үкіметтің мүшесі. "Талибан" құрған ауған үкіметінде жоғары білім министрі қызметін атқаратын Абдул Бақи Хаққани бұл ережені Кабулдағы баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Тәліптер Ауғанстанда осыған дейін 1996-2001 жылдары билік құрып, әйелдер құқығын қатаң шектегенімен көзге түскен. Олар әйелдерге білім алуға, жұмыс істеуге, көшеге ер адамсыз шығуға тыйым салған. Бірақ 15 тамызда Ауғанстанды бақылауға қайта алғанын мәлімдеген "Талибан" бұл жолы елді басқаша басқаратынын, әйелдер құқығын шектемейтінін айтқан.
Хаққанидің сөзінше, "Талибан" 20 жыл бұрынғы күйге оралғысы келмейді, бүгінгі жағдайға қарай әрекет етуді көздейді.
Бірақ әйелдер университеттері қазірдің өзінде "Талибан" шектеулеріне тап болып отыр. Сол шектеулердің бірі – киім үлгісі. Хаққани хиджаб кию міндетті болады деді, бірақ бұл тек басты жабумен шектеле ме, әлде әйелдер жүзін де жасыруы керек пе, ол жағын нақтыламады.
Тәліптер сондай-ақ гендер сегрегациясын енгізбек.
"Ұлдар мен қыздарға бірге оқуға жол бермейміз" деді Хаққани.
Жоғары білім министрінің сөзінше, егер әйел мұғалім жетіспесе, арнайы шаралар тетігі іске қосылмақ.
"Қажет болған жағдайда, [әйелдерге] ер адам да сабақ бере алады, бірақ мұның бәрі шариғатқа сай жүреді" деді ол. Министрдің сөзіне қарағанда, сынып бөлмелерінде ерлер мен әйелдер арасын перде бөліп тұрады. Сабақты онлайн не теледидар арқылы да беруге болады.
Тәліптер келгелі көптеген жерде сынып бөлмелерін пердемен бөліп үлгерген.
Хаққани университетте оқытылатын пәндер де тексеруден өтетінін айтты, бірақ мұның жай-жапсарын нақтыламады.
1990-жылдары "Талибан" шариғаттың қатаң сипатын қабылдап, музыка мен өнерге тыйым салған.
Кейінгі аптада Кабул мен Ауғанстанның өзге өңірлерінде әйелдер тәліптер мен билігі мен құқықтарының тапталуына наразылық білдірді. Акциялардың кейбірінде тәліптер күш қолданып, наразы әйелдерді ұрып-соғып, әуеге оқ атты.
Жиырма жыл партизан соғысын жүргізген тәліптер Батыс күштері 1 мамырда елден кете бастағанда шабуылын үдетіп, тамыздың ортасына қарай Ауғанстанның көптеген ауданын басып алды. 15 тамызда Кабулға кіріп, Ауғанстанды бақылауға алғанын айтты. Батыс күштері 31 тамыз күні елден толық кетіп, 20 жылға созылған әскери операциясын аяқтады. АҚШ бастаған әскери коалиция Ауғанстанға 2001 жылы Нью-Йорк пен Вашингтондағы террор шабуылдан кейін басып кірген. Батыс "Талибанды" террорды ұйымдастырған "әл-Қаида" ұйымының жетекшісін паналатып отыр деп санады.