Атырау, 3 мамыр 05:59
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

КТҚ тендеріне бөлінген 18 миллиардты кім игереді

1 633 просмотра

Атырауда Каспий теңізі мен Жайық өзенінде тереңдету жұмыстарымен атышулы «Павлодар өзен порты» АҚ 18 миллиард теңгеге Атыраудың оң жағалауындағы кәріздік-тазарту құрылғысын (КТҚ) қайта жарақтау тендерін ұтып алды. Қомақты сомадағы тендер қалай өтті - «АЖ» материалында.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, негізгі кәріздік сорғы станциясы алаңынан солтүстік-батысқа қарай 3,5 шақырым жерде, «Квадрат» буландырғыш тоғанына жақын орналасқан КТҚ-ны қайта жарақтауға жергілікті бюджеттен 18 млрд 390 млн 902 мың теңге бөлінді. Жұмыс биыл басталып, 2023 жылы аяқталуы тиіс.

Конкурсқа 6 компания қатысты - үшеуі атыраулық, бір-бірден Павлодар, Тараз және астанадан. «Казкомсервис» және «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС (екеуі де жергілікті) жұмысты 16 млрд 551 млн теңгеге орындауды ұсынды. Дәл осындай соманы «Павлодар өзен порты» мен тараздық «Байсын-А» ЖШС ұсынды. Атыраулық тағы бір мердігер – «Мелиоратор» ЖШС өтінімде 16 млрд 800 млн теңге, ал астаналық «BiGlobal» ЖШС - 18 млрд 298 млн теңге деп белгілеген.

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев бастаған комиссия бүкіл өтінімді қарап, бастапқыда тек «Казкомсервис» ЖШС-ін өткізді. Ал әуел бастан «Павлодар өзен порты» АҚ өтінімі қабылданбады (қалалық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, құжаттарда проблема болған), бірақ әрі қарай павлодарлықтар тендерге қатысуға жіберіліп, ақырында оны ұтып алды.

«Павлодар өзен порты» АҚ басшысы - Тілеубек НҰРСЕЙІТОВ. Оның компаниясының негізгі табысы құм өндіру мен сатудан түседі. Бірақ оның құрылыс салуға бірнеше рұқсаты мен 60-тан астам лицензиясы бар. Соңғы жылдары АҚ-ның жұмысы жақсы жүріп тұр.  Ашық дереккөздердегі ақпараттан оның табысын аңғаруға болады: соңғы бірнеше жылда компания 2 млрд 569 млн теңгеден астам сомада салық төлеген.

Ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сәйкес, акционерлік қоғамның құрылтайшысы сауда-саттықпен айналысатын «САН» ЖШС екені белгілі. ЖШС басшысы - Зульфия ПШЕМБАЕВА, ал құрылтайшылары - Қанат СЫЗДЫҚОВ пен Долорес ПШЕМБАЕВА.

Долорестің әкесі Мейрам ПШЕМБАЕВ «Nur Otan» партиясынан алдыңғы үш шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болған, қазір Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ штаттан тыс кеңесшісі әрі Қазақстан машина жасау одағының басқарма төрағасы. Ал ағасы Мереке ПШЕМБАЕВ – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі вице -министрі. Былтыр Мейрам Пішембаев депутат болған кезде ол «Сан» ЖШС құрылтайшыларының тізімінде болды. Алайда бұл ҚР Конституциясының 52-бабының 3-тармағына («Парламент депутатының... кәсіпкерлікпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ») қайшы келетін. Қазір ол бұл тізімде жоқ.

«Павлодар өзен порты» АҚ біздің өңір тұрғындарына жақсы таныс, өйткені дәл осы компания Жайық, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінде тереңдету жұмыстарымен айналысады. Мұндағы мердігерлік сомасы да аз емес: Жайыққа 2 млрд 129 млн теңге, Құрманғазы ауданындағы Ганюшкин және Жарқосын каналдарына 5 млрд 421 млн теңге, Яицкий каналына 1 млрд 901 млн теңге бөлінді. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Бұдан басқа, «Павлодар өзен порты» бірнеше жылдан бері Атыраудың сол жағалауында КТҚ салуда, мердігерлік сомасы - 10 млрд теңге.

Фархат ӘБІЛОВ

7 қыркүйек 2021, 11:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.