Біріккен ұлттар ұйымының басшысы тәліптер бақылау орнатқан Ауғанстандағы адам құқығын сақтау үшін барлық амалды қолдануға шақырды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
БҰҰ Кабулды басып алып, Ауғанстанға бақылау орнатқан тәліптер кейінгі 20 жылда Ауғанстан қол жеткізген адам құқығы мен бостандығын жойып жібере ме деп қауіптенеді.
"Біз Ауғанстанда адам құқығына нұқсан келіп жатқаны жайлы үрейлі хабарлар алып отырмыз. Мені, әсіресе әйелдер мен қыздар құқығының өрескел бұзылып жатқаны алаңдатады. Біз Ауғанстанды тастап кете алмаймыз. Тастап кетпеуіміз де керек" деді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысында.
1996-2001 жылдары Ауғанстанда билік құрған "Талибан" әйелдердің жұмыс істеуіне, қыздардың мектепке баруына тыйым салып, қатаң шектеу орнатқан. Әйелдер бетін жауып жүруге, күйеуінсіз немесе күйеуінің ер туыстарынсыз үйден шықпауға тиіс болған.
15 тамызда Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елін тастап шыққан соң ауған үкіметі құлаған. Жексенбіде тәліптер үкімет күштерінің қолындағы соңғы ірі қала Кабулды алды. Тәліптер оған дейін Ауғанстанның барлық жеріне бақылау орнатқан.