Атырау, 9 мамыр 01:39
 ашықВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Көптен күткен пойыз жолға шықты

Сурет Бейнежазба
2 945 просмотра

Бүгін, 17 тамызда Құрманғазы ауданы тұрғындарының көптен күткен №631/632 Атырау – Дина Нұрпейісова бағытындағы жолаушылар пойызы 200 жолаушымен жолға шықты. Тасымалдаушысы Otpan logistic ЖШС.

 

Шараның салтанатты ашылуына Атырау облысы әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ қатысып, жолаушыларға сәтті сапар тіледі. Шалғай аудан мен мен екі араға пойыздың шыққанына жолаушылар да риза. 

Пойыз жолға шықпас бұрын жолаушылармен тілдестік.

Әлібек АБУАЛИЕВ:

- Жолдасым мен балаларыммен Ганюшкино станцасына бара жатырмыз. Бұрын пойыз жоқта екі ортаға таксимен қатынайтынбыз. Базарға барғанымызда такси болмай сандалып жүрген күндер көп болды. Одан кейін айналма жолда ала шаңнан қарсы келе жатқан көлікті байқамай, талай жол апатына түскен көліктерді көргенде таксиге отырғың келмейді. Біз жалпы вагонға 890 теңгеге билет алдық. Біздің ауылға такси бағасы 3500 теңге, жексенбі күндері 5000 теңгеге барып жүрген кездер болды. 


Рауза ҚАБДОЛОВА:

- Хиуаз ауылынан кеше Атырауға тойға келіп едім, бүгін қайтып бара жатырмын.  Енді арзан әрі қауіпсіз болды. 

Мира:

- Күйеуім мен балаларыммен қыдырып, Афанасьев бекетіне бара жатырмыз. Ол жақта ата-енем тұрады. Жол жаман болған соң, баламен көптен бара алмай жүр едік, бүгін сәті түсті. Плацкартқа 2500 теңгеге билет алдық.  

Пойыз екі ортаға күнделікті қатынайды. Атыраудан жергілікті уақытпен күндіз сағат 11-де шықса, 18:26-да Дина Нұрпейісова бекетіне жетеді. Бір сағаттан соң кері бағытқа шығады. Пойызға билетті вокзалдардан және интернет арқылы онлайн алуға болады. Билет бағасы соңғы аялдамаға дейін плацкартқа 2475 теңге, жалпы вагонге 895 теңге. .


 

Атырау - Дина Нұрпейісова бағытындағы жолаушылар тасымалын биыл тендер арқылы маңғыстаулық Otpan logistic компаниясы ұтып алып, 5 жылға келісімшарт жасасқан. 

Алтай Борашев, Otpan logistic команиясының басшысы:

- Қазіргі кезде құрамда 1 плацкарт, екі жалпы орындық вагон бар. Плацкартта 52 орындық, бір жалпы вагонда 81 орын бар. 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен бұл вагондарда салқындатқыш, ток  жүйесі жұмыс істейді. Бір жылдың ішінде вогондарды қайта жаңартып, Ташкенттің жаңа вагондарымен алмастырамыз деген жоспар бар. Бірақ жолаушылар үшін жол ақысы сол күйінде қалады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

17 тамыз 2021, 21:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.