Атырау, 10 мамыр 12:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

15 суару каналының 5-еуі жөнделуде

Сурет
1 669 просмотра

Атырау облысында ауыл шаруашылық жерлерін суару мәселесі өзекті. Бір ғана мысал. Исатай ауданындағы Нарын каналы 61 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген.

«Қазсушар» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Асланбек РЫСЖАНОВТЫҢ айтуынша, облыста «Қазсушар» РМК-ға қарасты 14 суару-суландыру жүйесі комуналдық меншікке өткен. Енді олар республикалық бюджеттен емес, жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Жергілікті билік оларды «Қазсушар» Атырау филиалына сенімгерлік басқаруға берді. Осы жыл соңына дейін бес каналдың күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл - Махамбет ауданындағы Алға-Егіз, Сары-Өзек, Құрсай, 7 ауыл-Айсары және Индер ауданындағы Алғабас-Жорық каналдары. 

- Жобаға сәйкес, суару каналдарының бітелген арналары аршылып, жолдары топырақпен көтеріліп, бекітілді. Ескі жүзбелі сорғы стансалар мен трансформаторлар жаңасына ауыстырылды. Сонымен бірге, канал бойында су реттегіш гидротехникалық құрылыстар күрделі жөндеуден өткізілді, кейбіреуі жаңадан салынды. Жөндеуден өткізілген каналдарда су беру жұмыстары біраз жақсарды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су сұранысқа сәйкес берілуде, - дейді А. Рысжанов.

Нарын каналына келер болсақ, А.Рысжановтың айтуынша, каналдағы судың тайыздануы биыл көктемде құйын желдің әсерінен құм көшкендіктен болған. Соның салдарынан «Нарын» каналының Жанбай учаскесінде канал арнасы топырақпен көміліп қалған. Оған қоса, жаздағы қатты ыссылықта каналдағы су буланып, жерге сіңіп кетіп отырғанын айтады.  

- Канал арнасын аршып, бөгеттерін көтеру керек. Қаржы қиыншылықтарына байланысты Атырау филиалының бұл жұмыстарды өз күшімен толықтай жасауға мүмкіндігі жоқ. Қазір облыс әкімдігі мен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі  қаражат бөлу мәселесін қарастырып жатыр, - дейді Рысжанов.

Еске сала кетсек, ұзындығы 178,5 шақырымды құрайтын Нарын каналы 1966 жылы пайдалануға берілген. Ол Махамбет және Исатай аудандарының суармалы егістік, лиманды және жайылымдық жерлерді сумен қамтамасыз етеді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті жолдаған «Қазсушар» РМК

17 тамыз 2021, 11:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.