"Талибан" қозғалысының өкілі (Қазақстанда тыйым салынған - ескерт.) елдегі соғыс аяқталғанын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Әл-Жазира" телеарнасы эфирінде "Талибан" қозғалысы саяси кеңсесінің ресми өкілі Мұхаммед Наим Ауғанстанда соғыс аяқталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жақын арада елдегі басқару формасы бекітіледі.
"Біз 20 жыл бұрын елімізде басталған бұл соғысты аяқтадық", - деді Мұхаммед Наим.
Талибан өкілі ауғандар мен елдегі дипломатиялық миссиялар қауіпсіз өмір сүретініне кепілдік беретінін айтты. Мұхаммед Наимнің сөзіне сенсек, олар барлық ауған басшысымен диалогқа дайын және оларды қорғауға кепілдік береді.
Оның айтуынша, қозғалыс басқа мемлекеттермен байланысын сақтайды және халықаралық қоғамдастықтың қорқынышын сейілтуге дайын.
Айта кетейік, "Талибан" содырлары Ауғанстан астанасы Кабулға кіріп, президент сарайын басып алды. Олар іс жүзінде Ауғанстан Ислам Әмірлігінің құрылғанын жариялап, елдегі билікті басып алды. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кетті.