Польшаның PKN ORLEN мұнай компаниясы Белорусь спортшысы Кристина Тимановскаяның демеушісі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі компания сайтына сілтеме жасап.
PKN ORLEN-мен ынтымақтастық Беларусь спортшысына жаттығу мен спорттық мансабын жалғастыруға мүмкіндік береді.
"ORLEN командасына Кристина Тимановская қосылды. Мен оның әрі қарай спортта дамуына қолдау көрсететінімізге қуаныштымын. Жақында Кристина жаттығулар мен спорттық жарыстарға оралады деп үміттенемін", - деді PKN ORLEN басқарма президенті Даниэль Обайтек.
Осылайша, Тимановская Токиодағы Олимпиада жүлдегерлерін қоса алғанда, үздік спортшыларды біріктіретін ORLEN спорт тобына қосылды. Оның құрамына: Анита Влодарчик, Юстина Свента-Эрсетич, Анна Келбасиньска және Павел Файдек кіреді.
Спортшының өзі ORLEN спорт командасына қосылғанын растады.
"Менің мансабымды Польшада жалғастыруға мүмкіндік бергендеріне, қолдау көрсеткендеріне ризамын. Бүгіннен бастап мен PKN ORLEN және ORLEN Sports Group-пен бірге жаңа өмір, жаңа спорттық кезеңді бастаймын", - деді Тимановская.
PKN ORLEN - Польшаның мұнай өңдеу компаниясы, елдегі ең ірі компаниялардың бірі. Польшада, Чехияда, Германияда және Балтық елдерінде мұнай мен бензин өндірумен, өңдеумен және сатумен айналысады.
PKN ORLEN - спорттағы ең ірі демеушілердің бірі. Ол - Польшаның Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеттерін, жергілікті волейбол федерациясын және Роберт Кубица, Бартош Змарзлик және Якуб Пшигонский бастаған автомобиль спорты өкілдерін қолдайды.
Айта кетейік, 2 тамызда Тимановская 200 метр қашыққа жүгіруден стартқа шығуы керек еді, алайда құрама өкілдері оны жібермей қойған. Таяуда Кристина 4х400 метрлік эстафета құрамасына енгізілгені үшін Беларусьтің спорт шенеуніктерін сынап тастаған еді.
Беларусь Ұлттық олимпиада комитеті Токио Олимпиадасында республиканың жеңіл атлетикадан ұлттық командасының жаттықтырушылар штабы спортшыны үйге қайтару туралы шешім қабылдағанын айтты. Спортшының ойыннан шығарылу себебі оның эмоционалдық және психологиялық жағдайы деп аталды. Тимановскаяның өзі дәрігер оны тексермегенін және жаттықтырушылар штабы айтқан себептерді жалған деп атады.
Кейін Отанына оралудан бас тартқан белорус спортшысы Кристина Тимановскаяны Польша қабылдауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, Тимановская Беларусьте президенттік сайлаудың әділ өтпегені, халықтың дауыс беру нәтижелері бұрмаланғанына байланысты Польшада және басқа елдерде өтетін марафонға қатысуға ниетті екенін айтқан болатын.