Атырау, 19 мамыр 07:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Сарыөзектегі жұқпалы аурулар ауруханасы: ажалдан аман қалғандармен сұхбат

Сурет Бейнежазба
2 050 просмотра

«АЖ» тілшісі Сарыөзектегі модульді жұқпалы аурулар ауруханасында болып, Covid-19-дан емделіп шыққан науқастармен тілдесіп қайтты. Бүгінде 200 орынға арналған стационардың 80 пайызы толық. Емделушілердің арасында 74 жүкті әйел, 13 жаңа туған нәресте мен 1 жасқа дейінгі балалар бар.

43 жастағы Ирина ОСМАНОВА мұнда өкпесінің 80 пайызы зақымданып, 24 шілдеде жансақтау бөліміне түскен.

- 16 маусымда дене қызуым 38 градусқа көтерілді, онда Covid-19 жұқтырдым деген ой болмады. Қайта-қайта парацетамол ішіп, қызуымды түсіріп жүрдім. Екі күннен соң қызуым 39,5 градусқа жетіп, жедел жәрдемге жүгіндім. Бірақ олар маған қазір аурухана науқасқа толы екенін айтып, үйден емделуіме кеңес берді. Сөйтіп өз бетімше ем жасап, әбден ауа жұтуға күшім жетпеген кезде тағы жедел жәрдем бригадасын шақырдым. Сонда мені модульді жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне орналастырып, ИВЛ аппаратына қосты. Бұл 24 шілде еді. Ол кезде мен өздігінен дем ала алмайтын жағдайда едім, - дейді Ирина.

Ол жансақтау бөлімінде 5 тәулік жатқан. Ол вирусты кімнен қалай жұқтырғанын білмейді, бірақ ол ауруханаға түскеннен кейін күйеуінен Covid-19 анықталған.

- Мен 11 маусымда «Спутник V» вакцинасының алғашқы компонентін алған едім, мүмкін сол кезде менің иммунитетім төмен болған шығар. Мүмкін инфекция жұқтырған біреулермен жақын сөйлескен шығармын, менде ауру белгілері алғашқы екпеден соң 5 күннен кейін байқалды. Енді жазылған соң екінші екпені аламын ба, алмаймын ба белгісіз. Мүмкін менің денсаулығым вакцинаны көтере алмайтын шығар. Дәрігерлердің кеңесіне жүгінемін.

- Вакцинаны аларда өзіңіздің денсаулығыңызға сенімді болдыңыз ба?

- Маған жұмыс беруші тарапынан талап етілген соң, екпені мәжбүрлі түрде алдым. Екпе аласың немесе жұмысқа қосылмайсың деді. Мен отбасымды асырауым керек қой. Не десек те, жаныма араша болып, аман сақтап қалған дәрігерлер мен кіші қызметкерлерге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Отбасыммен аман есен қауыштырғаны үшін оларға қарыздармын.

Инфекционист-дәрігерлер Мерей ҒАЙНЕДЕНОВТЫҢ сөзінше, Қазақстанда коронавирустан өкпесі 96 пайыз қабынып, емделіп шыққан 3 адам болса, оның бірі Атырау қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқан 59 жастағы индерлік Алтын ТӨЛЕГЕНОВА. Оның стационарда жатқанына екі айдай болған.

- Мен 5 маусым, сенбі күні жұмыстан келген соң өзімді жайсыз сезіне бастадым. Жексенбі күні де нашар сезінген соң, дүйсенбіде үйге «жедел жәрдем» шақырттым. Мобильді топ келіп ПТР тест алып, аудандық ауруханаға жеткізді. Келесі күні тест коронавирусқа оң нәтиже көрсетті, - дейді Алтын. - Аудандық ауруханада бір апта ем қабылдағаныммен, тыныс алуым күннен күнге қиындаған соң, Сарыөзектегі модульді жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізді.

Ол жерде бір ай жансақтау бөлімінде ауыр халде жаттым. Өздігімнен тыныс ала алмадым. Өмір мен өлімнің арасында қалу дегенді бастан өткердім. Ондай жағдайды ешкімге тілемеймін. Бірінші Алланың қалауымен деп айтамын, содан соң дәрігерлердің арқасында жаным аман қалды. Дәрігерлерге үлкен алғыс білдіремін, оларға денсаулық тілеймін.

Алтын бір айдан бері жалпы палатада жатып ем алуда. Өкпесінде әлі 12 пайыз зақым бар, бұл әлі көрер жарығы бар деген сөз. Көп ұзамай үйіне шығады, алайда алдағы уақытта бір жылдай дәрігердің бақылауында болады. 

- Дәрігерлер оңалту курсын ал, спортпен айналыс, жақсы тамақтанып, көңіл-күйіңді түсірме деп жатыр. Тырысамын... – деп бөлісті Алтын. – Ең бастысы: немқұрайдылық танытпаңыздар! Топ болып жиналмай, бетперде тағып жүріңіздер. Аты өшкір вирус ешкімді аямайды.

Айнұр САПАРОВА, модульді аурухананың инфекционист-дәрігері:

Қазір орындар 80 пайызға толық - бұл бүгін түскен науқастарды қоспағанда. Мұнда күніне 20-ға жуық науқас әр түрлі жағдаймен түседі. Жағдайы жақсарған науқастарды үйге шығарып, орнына қайта толықтырып жатырмыз.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

12 тамыз 2021, 17:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.