Атырау, 20 сәуір 11:48
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Hayat-Vax вакцинасы бәріне жетпей қалды

1 180 просмотра

Атырау облысының 151 200 тұрғыны COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін ектірді, 128 мыңы екінші компонентті алды. Соңғы аптада вакцина алғандар саны 40%-ға өсті. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен онлайн-брифингінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУӘЛИЕВ мәлімдеді. Ол сондай-ақ, «АЖ» мен басқа да БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Біздің оқырмандар вакциналанған адам ауру жұқтыруы мүмкін бе, егер мүмкін болса, ол ауруды қалай өткізеді деген сұрақтарды жиі қояды.

- Вакцина алғандар арасында ауру жұқтыру жағдайы өте сирек кездеседі, тіпті, сол кезде де оларда аурудың клиникалық белгілері білінбейді, өкпе мен басқа органдарында өзгеріс болмайды. Сондықтан біз объективті түрде вакцинаның аурудан қорғайтынын көреміз, - деп жауап берді А.Байдуәлиев. Оның айтуынша, ешқандай вакцина 100% қорғамайды, бірақ, мысалы, «Sputnik V» тиімділігі 94%-ға дейін. Вакциналанған пациенттерде инфекцияның клиникалық белгілері байқалған жағдайларға келсек, олар, бәлкім, иммунитет қалыптаспайтын адамдардың 6%-ының қатарында болуы мүмкін.

Жақында «АЖ»-ға көктемде «Sputnik V» вакцинасын алған ерлі-зайыптылар хабарласты.  Шілдеде олар ПТР сынамасын тапсырған, нәтижесі күйеуінде антиденелердің жоқтығын және әйелде антиденелердің аз мөлшерін көрсеткен. Егер біз дұрыс сақталмаған, жарамсыз вакцинаны ектірген болсақ ше? – дейді ерлі–зайыптылар уайымдап.

- Тасымалдау мен қоймаларда сақтау кезінде температуралық режимді сақтаудың қатаң регламенті болады. Мұздатқыштар -20 градус температурасында болады, оны арнайы датчиктер бақылайды. Вакцина алғаннан кейін иммунитеттің қалыптасуына белгілі бір уақыт қажет. Антиденелердің болмауына келер болсақ, жекелеген жағдайда анықтау қажет: ПТР жүргізген зертхана жұмысында қателіктер болуы мүмкін - анализді алу, анализді орындау сатысында, қолданылатын реагенттерде, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Оқырмандардың көпшілігі облыста «Hayat-Vax» вакцинасы қашан келетінін сұрады. Байдуәлиевтің айтуынша, «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілік көмек ретінде осы вакцинаның 1 миллион дозасын сатып алған. Препарат аймақтарға таратылған, біздің облысқа 35 мың доза келді, олардың бәрі қолданылды. Әзірге «Hayat-Vax» препаратын сатып алу жоспарланбаған. Бірақ отандастарымыздың көпшілігі асыға күткен Pfizer вакцинасы қазан айында келеді деп жоспарланып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

3 тамыз 2021, 19:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.