Атырау, 20 сәуір 10:03
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

«Таубаев пен Басаровтың ісі»: әкімдік қызметкерлері салынып жатқан нысанға неге барды

1 479 просмотра

Атырауда Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур БАСАРОВҚА қатысты сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыста куәгер ретінде облыстық әкімдік аппаратының басшысы Болат ИСАКОВ пен «Теңізшевройл» ЖШС «Игілік» бағдарламасының менеджері Омар ӘБДИЕВТЕН жауап алынды.

Коронавирусқа қатысты шектеулердің күшеюіне байланысты, іс ZOOM арқылы онлайн-режимінде қаралуда, сотталушылар процеске тергеу изоляторынан қосылды.

Б.Исаков бұл лауазымға былтыр сәуір айында тағайындалды. Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНАНЫҢ айыпталушылар мен жәбірленушіні білесіз бе деген сұрағына, ол айыпталушыларды жұмыс бойынша ғана білетінін, жәбірленушіні танымайтынын айтты. Прокурор мен жәбірленушінің адвокаттарының медицина мекемелеріне медициналық жабдықтарды, оның ішінде ИВЛ аппаратын жеткізуге қатысты сұрақтарына:

- Маған бұл мәселенің жұмыстағы кеңестерде талқыланғаны ғана белгілі. Ол кезде, естеріңізде болар, жағдай өте қиын болды. Бізде орындар, дәрі -дәрмек, жеке қорғаныс құралдары, медициналық жабдықтар жеткіліксіз болды. Ең қысқа мерзімде жеткізу, оның ішінде медициналық жабдықты жеткізу мәселесі көтерілді, - деп жауап берді.

Айыптау тарапының өкілі Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ:

- Айтыңызшы - Тұрмахамбетов Арман Түгелұлы деген кім? Сіз оны тергеуге берген жауабыңызда айтқансыз.

- Менің танысым. Онымен Алматыдағы бір шарада таныстық. Ол медициналық жабдықтар жеткізумен айналысатынын айтты. Бізде жетіспей жатқан кезде оған хабарластым, ол көмектесе алатынын айтты.

Содан кейін сотта Исаковты Тұрмахамбетовпен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Асхан БАЙДУӘЛИЕВТЫҢ 2019 жылдың тамызында ұлының үйлену тойында таныстырғаны белгілі болды.

Жәбірленушінің адвокаты Женни ЖҰМАЛИЕВА:

- Ол сізді қандай мақсатпен таныстырды?

- Ешқандай. Қатар тұрғанбыз, Байдуәлиев осы шараның иесі ретінде бізді той басталардан жарты минуттай бұрын таныстырды. Кейінірек ол бізге сенімді серіктес ретінде ұсынылды, бірақ келісім-шарт жасалмады, себебі оның бағасы басқа жеткізушілерге қарағанда жоғары болып шықты.

 

«НЫСАНҒА ТШО КЕЛІСІМІМЕН ЖӘНЕ ШАҚЫРУЫМЕН БАРДЫ»

- Әкімдік «Игілік » бағдарламасы аясында әлеуметтік қажетті нысандарды, атап айтқанда, Құлсарыда 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасын салу қажеттігін атап өтті. Құрылыс барысын әкімдіктің өзі қадағалай ма?

- Құрылыс барысын, білуімше, қадағаламайды.

- Онда әкімдік қызметкерлері, облыс әкімі салынып жатқан нысанға неге барды?

- Бұл қадағалау емес, облыстың денсаулық сақтау жүйесіне берілетін нысанмен танысу. Сондықтан тапсырыс беруші - ТШО -ның келісімімен және шақыруымен облыс әкімі объектіге барды, бірақ тексеру мақсатында емес.

Исаковтан жауап алу кезінде жеке тұлғадан Құлсарыда жұқпалы аурулар ауруханасы мен орталық аудандық аурухана салынып жатқан жер учаскесінің белгілі бір бөлігін иеліктен шығару бойынша сот процесі жүріп жатқаны белгілі болды. Жәбірленуші әкімдік ұсынған жер учаскесінде құрылыстың жүргізіліп жатқанын, бірақ жер учаскесіне мемлекеттік акті жоқ екенін растады.

Судья:

- Куәгер Исаков, сіздің құзырыңызға бұл сұраққа жауап беру кірмейтін шығар, бірақ әкімдік өкілі ретінде айтыңызшы, неге қазір жәбірленуші салған аурухана қабылданбай отыр? Қазір өңірімізде коронавирус бойынша ахуалдың қандай ауыр екенін білесіз ғой.

- Қабылдаумен ТШО айналысады. Олар нысанды қабылдап, әкімдікке пайдалануға беруі тиіс. Менің білуімше, жұмыс әлі аяқталған жоқ.

- Егер аурухананы ТШО қабылдайтын болса, Таубаевтың медициналық жабдықты жеткізуге қатысты мүддесі қандай?

- Менің білуімше, оның мүддесі - қысқа мерзімде сапалы жабдықты жеткізуде болды. Бәрімізде осындай мүдде болды.

 

«РӘСІМДІКТЕРГЕ УАҚЫТЫ БОЛМАДЫ»

Содан кейін «Игілік» бағдарламасының менеджері Омар Әбдиевтен куәгер ретінде жауап алу басталды. Прокурор Құлсарыдағы аурухана кешенінің құрылысы бойынша жобаның қалай жүзеге асқанын сұрады.

Әбдиев:

- Былтырғы көктем мен жазда күрделі эпидемиологиялық жағдай қалыптасып, облыс әкімдігінде Премьер -Министр орынбасарының қатысуымен өткен кеңестердің бірінде ТШО қаржысына ковидпен ауырған науқастарға арналған модульді аурухана салу туралы шешім қабылданды. «Теңізшевройл» Жылыой ауданын белгіледі, өйткені бұл жерде Теңіз кеніші орналасқан және өз қызметкерлерін де жақсы деңгейде емдеуге мүмкіндік болар еді. Құрылыс жұмыстары былтыр 3 тамызда басталды. «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» ЖШС сол жерде еді, өйткені бұған дейін олар 75 орындық орталық аудандық аурухананы салуға мердігерлік алған болатын. Шұғыл эпидемиологиялық жағдайға байланысты тапсырыс беруші - Атырау облысының әкімдігі мен ТШО басшылығы құжаттарсыз құрылысты бастау туралы шешім қабылдады. Кейбір рәсімдіктерге уақыт болмады.

Әкімдік басшыларының нысанға баруына қатысты Әбдиев Исаковқа қарағанда сәл басқаша жауап берді:

- Біз өз нысандарымызға әкімдікті ресми түрде шақырған жоқпыз. Олар бізді хабардар етті, ал біз оларды қарсы алуға дайындалдық.

Әбдиевтің айтуынша, аурухана былтыр қарашаның басында пайдалануға берілуі керек еді, бірақ модульдерді жеткізу кешіктірілді, содан кейін құрылыс қыс мезгіліне тоқтатылды. Бүгінде ол 99 пайызға дайын. Тағы бірнеше орынды оттегімен қамтамасыз ету, лифт орнату және бірнеше орынжайды қайта жабдықтау қалып тұр. Бірақ қазірдің өзінде науқастарды қабылдай беруге болады.

Сұрақтарға жауап бере отырып, Әбдиев жәбірленушіден қорқытып пара алуға қатысты білмейтінін айтты.

Куәгер Әбдиевтен жауап алу келесі отырыста жалғасады.

Айнұр САПАРОВА

3 тамыз 2021, 18:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.