Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Төтенше жағдайлар комитеті әлемдік қоғамдастықты 2022 жылдың ортасына дейін әр ел тұрғындарының 60 пайызы коронавирусқа қарсы екпе алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Johns Hopkins University сайтына сілтеме жасап.
ДДСҰ өкілдері әлемде шамамен 3 миллиард доза таралғанына қарамастан, тек 90 миллион доза COVAX вакциналарын тарату механизмі арқылы өткенін еске салды.
"Мүше мемлекеттерге 2021 жылдың қыркүйегіне қарай әлем халқының кемінде 10 пайызы, ал желтоқсанға қарай - 40 пайызы, ал 2022 жылдың ортасына қарай 60 пайызы екпе алуы үшін уақытша ұсынымдар беріледі. Осал топтарды SARS-CoV-2 нұсқаларының пайда болуы мен таруынан қорғау үшін жаһандық ынтымақтастықты күшейту қажет", - делінген ДДСҰ хабарламасында.
Ұйым осы мақсатқа жету үшін төрт айдың ішінде табысы төмен және орташа елдерде тағы 250 миллион адам вакцинациядан өтуі керек деп хабарлады.
"Бұл пандемияға жұқпалы вирус себеп болды. Бірақ ол бөлінуге, теңсіздікке және болашаққа инвестиция салудан бас тартуға байланысты күшейе түсті. Сондықтан біз қоғамымыздың кемшіліктерін жоюымыз керек", - делінген есепте.
Айта кетейік, 25 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 5 145 055 адам, екінші компонентімен 3 264 705 адам егілген.