Жанбай ауылында жергілікті малшылардың жанайқайын билікке жеткізу үшін Исатай ауданының 40-тан астам тұрғыны жиналды. Мәселе – су жетіспеушілігі, салдарынан малдың өлімі көбейді.
Бұл жердегі негізгі су көзі пайдалануға берілген 60 жылдан (!) бері күрделі жөндеу көрмеген Нарын каналы. Салдарынан қамыс басып, топырақпен бітелген арналардағы шалшық су балшыққа айналып, малдар батпаққа батып кетіп жатыр.
- Биыл 17 бас жылқымнан айрылдым. Бұл мен үшін күлдей шығын! -дейді Құрманғали МҰХТАРОВ.
Тығырықтан шыға алмаған кейбір тұрғындар ақадал малдарынан айрыла бастағасын, амалсыз сатып жіберуіне тура келген.
- Нарын каналын күрделі жөндеуден өткізбесе, Аққыстау, Жанбай, Зинеден ауылдарындағы мал шаруашылығы күйрейді, - дейді Аухат АБУОВ.
Исатай ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан ӘБІЛХАСИМОВ:
- Төңіректегі елді мекендердегі төрт түлік мал Каспий теңізі жағалауынан және Жайықтан бастау алатын Нарын, Боқсақ каналдарынан су ішеді. Нарын каналы 61 жылдан жөндеу көрмеген, ол «КазСушар» РМК-ның Атырау филиалы теңгерімінде. Сондықтан сол мекеме жөндеуден өткізуі тиіс. Негізі жоба бойынша және қаражат жағынан бұл республикалық деңгейде шешілетін мәселе.
«Манаш» котлованындағы онсыз да аз судың көп мөлшерін «Атырау-Астрахан» тас жолын күрделі жөндеуден өткізіп жүрген жолшылар пайдаланып, малға су жеткіліксіз болып қалады екен. Бұл да жағдайды ушықтырып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті жергілікті тұрғындар жолдады, бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ