«АЖ»-ға құқыққорғау органдарындағы бейресми дереккөздер хабарлағандай, таяуда Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫ қамауға алуға санкция алғаннан кейін енді оған мемлекетаралық іздеу жарияланыпты.
- «Рысқалиевты іздестіруде. Бұлтартпау шарасы – «қамауға алу», іздеу түрі – «мемлекетаралық». Кешікпей бұрынғы әкімге ресми түрде бағдар жарияланатын болады. Бағдар қазір қызметкерлердің қолында жүр, ол бүкіл құқыққорғау органдарына және көліктерге таратылатын болады», - деп нақтылады дереккөз.
«АЖ»-ның қылмыстық қудалау органдарына шамамен болса да Бергей Рысқалиевтың қайда екендігі белгілі ме деген сұрағына, дереккөз бұрынғы әкімді барлық ықтимал бағыттар бойынша іздестіріп жатқанын хабарлады.
- Оның өз құжаттарымен шекарадан өтпегендігі ғана белгілі. Қалай болғанда да, оның фамилиясы еш жерде тіркелмеген,- дейді дереккөз.
Естеріңізге салсақ, биылғы жылдың 23 қаңтарында Бергей Рысқалиевқа бюджет қаржыларын ұрлап, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген сырттай айыптар тағылып, 24 қаңтарда оны қамауға алуға сот санкциясы берілген болатын. Бұрынғы әкімнің ғайып болуы туралы анағұрлым толығырақ «Экс әкім үйқамақта», «Бергей Ақордаға «қош!» айтты», «Ағайындылардың қайда екенін шекарашылар біледі», «Ағайынды Рысқалиевтар шекарадан өтпеген», «Әкім мен депутат із-түзсіз жоғалмайды», «Бәрінің де өтеуі бар» жарияланымдарынан оқыңыздар.
Азамат МАЙТАНОВ