«Аджип ҚКО»-ға тиесілі екі үлкен жер телімінің мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы біздің жарияланымнан («Әкімдердің шетелдіктермен жерден он миллион доллар тапқандығы туралы») кейін көп ұзамай, Атырау облысы әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ облыстық активте пайдаланылмаған жерлерді алу жұмыстары жалғасуда деп айтқан болатын.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Мұз сарайының маңындағы қайтарылып алынған жерге Оқушылар мен студенттер сарайы тұрғызылып, Жилгородоктағы жағажайда саябақ салынады. Оған қоса, «Іскер» компаниясы кеңсесінің артында көптен босап тұрған үлкен жер теліміне қала тұрғындарына арналған саябақ аймағы жасалатын болады.
Біз қалалық әкімдікке ревизия қорытындысы бойынша бүгінгі күні Атырауда қаншама пайдаланылмаған жерлер бар және олардың иелері кімдер екенін білу үшін сауал жіберген едік. Қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТЫҢ бұл жолғы жауабы «Аджип ҚКО» телімдері туралы алдыңғы жауабындай нақты болмады: «Бүгінгі күні жер телімдерін анықтау жұмыстары жалғасуда, сондықтан да тағайындалымы бойынша пайдаланылмаған жер телімдерінің нақты саны мен олардың иелері туралы ақпараттарды ұсыну мүмкін болмай отыр. Алынған жерлерге «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша үйлер, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарлануда».
Мұндай қысқаша тұжырымдаудың себебін өзіміз іздеп көрейік. Мүмкін, әңгіме, кей жағдайларда, иелері белгілі қазақ тегінің өкілдері болып табылатын «майлы жерлер» туралы болар.
Тығырық таянғанын сезген шығар, кейбір бос тұрған телімдердің иелері қозғала бастады. Мысалы, Құлманов көшесіндегі мешіт аумағындағы учаскеде қысқы кезеңге қарамастан, сыбай соғу жұмыстары жүріп жатыр (суретте).
Лаура СУЛЕЙМЕНОВА