«Ақ Жайық» редакциясына құқыққорғау органдарындағы бейресми дереккөздер хабарлағандай, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫ қамауға алуға санкция берілді.
Санкция бүгін, 25 қаңтарда берілген. Біздің дереккөздер «АЖ»-ға осы ақпаратты растап, мұның атышулы бюджет қаржыларының ұрлануын тергеу ісімен байланысты екендігін қосымша хабарлады. «Рысқалиевтың ұрлау ісіне қатыстылығы туралы нақты фактілер мен басқа күдіктілерді тергеу барысында алынған жауаптар бар», - деп хабарлады біздің дереккөз. Қазір бұрынғы әкімнің қай жерде екендігі белгісіз болып отыр.
Естеріңізге салсақ, бұрын Рысқалиевтың командасындағы шенеуніктер мен бірқатар құрылыс компанияларының басшыларына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған болатын. Облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ, Атырау қаласының әкімі Асқар КЕРІМОВ, бірқатар облыстық басқарма бастықтары қамауға алынды. Бұрынғы әкімнің туған бауыры, «Ақ жол» партиясы атынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты Аманжан РЫСҚАЛИ мен бірнеше жеке фирмалардың басшыларына іздеу жарияланған еді. («Ағайындылардың қайда екенін шекарашылар біледі», «Ағайынды Рысқалиевтар шекарадан өтпеген», «Әкім мен депутат із-түзсіз жоғалмайды», «Бәрінің де өтеуі бар», «Бәрі қашып жатыр» жарияланымдарын қараңыз).
Азамат МАЙТАНОВ
Қаржы полициясының агенттігі Бергей Рысқалиевқа іздеу жариялады
Қаржы полициясы агенттігінің тергеу-жедел тобы Атырау облысындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жасалу фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істерді тергеу шеңберінде облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевқа бірқатар айыптар тақты.
2013 жылдың 23 қаңтарында Бергей Рысқалиевқа бюджет қаржыларын ұрлады және қызмет өкілеттігін теріс пайдаланды деген айыптар тағылды.
24 қаңтарда сот Рысқалиевты қамауға санкция беріп, оған іздеу жарияланды.
Осылайша, бүгінгі күні Атырау облысы әкімдігі мен мердігер мекемелердің лауазымды тұлғаларының мемлекетке жалпы сомасы 42,1 млрд-тан астам теңге зиян келтіріп, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау фактілері бойынша қозғалған 42 қылмыстық іс тергелуде.
Аталмыш қылмыстарды жасады, соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысқан деген айыптар бойынша 9 адам қамауға алынды, 6 адам үйқамақта, біреуі – басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен жүрсе, 12 адамға іздеу жарияланды.
Аталған қылмыстық істерді тергеу барысында тергеу-жедел тобы 48 түрлі сараптама тағайындады, тағы қосымша 27 сараптама жасау жоспарланған, 300 адамнан жауап алынып, 50 тінту шарасы жүргізілген,19 мыңнан астам құжаттар тәркіленді.
Сонымен қатар мемлекетке тигізілген зиянды өтеу шаралары алынды.
Атырау қаласы мен облыстың 6 ауданын газбен жарақтау нысандарын, кәсіпорындарды, әкімшілік ғимараттарды, автокөлік пен басқа арнайы техниканы қосқанда, заңсыз жекешелендірілген 17 нысан мемлекетке қайтарылды.
Мемлекет меншігіне қайтарылған мүліктің құны 23,4 млрд теңгені құрады.
Келтірілген зиянды әрі қарай өтеу мақсатында тергеу-жедел тобы 455 атаудағы мүлікке, соның ішінде 36 жер учаскесіне, 63 бастапқы және қайталама нысандарға (әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, кеңсе орынжайлары мен пәтерлер), коммерциялық мекемелердің жарғылық капиталдарындағы 5 қатысу үлесіне, 197 көлік құралына, 144 бірлік түрлі жабдықтарға, жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеден астам болатын 11 банк есепшотына тыйым салды.
Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттінің (қаржы полициясының) баспасөз қызметі
Атырау облыстық сотының ақпараты
2013 жылдың 24 қаңтарында Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 150-бабының тәртібімен №2 Атырау қалалық сотына Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Тергеу департаментінің тергеу тобы басшысы Т. Хасановтың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабының 4-тармағы, 176-бабының 3-тармағы «б, г» тармақшалары, 176-бабының 3-тармағының «б» тармақшасы бойынша қарастырылған қылмыстарды жасады деп айыпталған Рысқалиев Бергей Сәулебайұлына қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы қолдаухат келіп түсті.
Алдын ала тергеу органдары Б.С.Рысқалиевты жауапты мемлекеттік лауазымдағы тұлға ретінде Атырау облысының әкімі боп жұмыс істеп жүргенде, өзінің қызметтік өкілеттігін өзi немесе басқа адамдар үшiн пайда мен артықшылық алу мақсатында қызмет мүдделерiне кереғар пайдаланып, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзып, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқарушылыққа қарсы
ауыр зардаптарға әкелген ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған, сонымен қатар қызмет бабын пайдаланып, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша әлденеше рет ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған мемлекеттік ақшалай қаржыны ұрлап, меншікке қарсы ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған деп сырттай айыптап отыр.
Осы факті бойынша бірқатар қылмыстық істер қозғалып, олардың барлығы бір өндіріске біріктірілді.
№2 Атырау қалалық сотының 2013 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен айыпталушы Б.С.Рысқалиевқа қатысты тергеушінің қолдаухаты қанағаттандырылып, нәтижесінде оған қатысты ол ұсталғаннан күннен бастап 2 ай мерзімге қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын алуға санкция берілді.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі