
Ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатуға жарияланған мораторий тағы бес жылға ұзартылды. Дәлірек айтсақ, Қазақстан азаматтары тек жалға алады, ал шетелдіктерге жалға берілмейді немесе сатылмайды. Жақында жер реформасы жөніндегі комиссия осындай шешім қабылдады. Осымен бұл проблема толықтай шешілді ме? Осы сауалды «AЖ» тақырыпқа тікелей қатысты бірнеше адамға қойған еді.
Бес жыл бұрын белсенді Макс БОҚАЕВ Атырауда шетелдіктерге жер сатылуына қарсы наразылыққа шыққан митингке көшбасшы болып, осы үшін бес жылдай түрмеде отырды.
- Егер біздің мәслихатымыз, парламентіміз халық мүддесін қорғайтын болса, жер комиссиясын құрудың қажеті болмас еді, - дейді Боқаев. Ол комиссия құрамына саясаткер Дос КӨШІМ және экономист Мұхтар ТАЙЖАН сияқты еркін ойлы азаматтардан бөлек, биліктің мүддесін қорғайтын басқа да адамдар бар екенін атап өтті.
- Кезінде 2016 жылы жер комиссиясына кіруден бас тартуымның бір себебі - облыстық әкімдік өкілі болғым келмеді, мені сол жерге осындай мәртебемен жібергісі келді. Ал мен халықтың атынан сөйледім.
КОНКУРСТЫ «ПЫСЫҚАЙЛАР» ҰТАДЫ
Атырау облысы бойынша жер комиссиясының құрамына облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ, фермерлер Мұрат САРМАНОВ пен Сейітжан БАЛЖІГІТОВ кірді. Нұрлыбаевпен тілдесе алмадық, бірақ екі фермердің айтары бар.
М.Сарманов Қызылқоға ауданында жалпы ауданы 8 мың гектарға жуық «Нұрлы дала» агрофермасы» шаруа қожалығының иесі, Еділбай тұқымды қой өсірумен және жылқы шаруашылығымен айналысады. Оның айтуынша, жайылым үшін және қыста жемшөп дайындауға жер жеткілікті.
Ол комиссия отырысында өңірлерде жер беру тетігін жетілдіруді ұсынғанын атап өтті.
Оның айтуынша, мал өсірушілер немесе диқандар жерді кеңейту үшін, мысалы, мал жаю үшін конкурс арқылы өз шаруашылығының жанындағы жер учаскесін алады. Бірақ кейде инвестициялық жоба ретінде көбірек салым мен жұмыс орындарын ұсынғандар конкурс жеңімпазы болады. Ол мұны дұрыс емес деп санайды:
- Қазір біз аудандық әкімдікке жер телімін бөлу туралы өтініш жазып жатырмыз. Бұл учаскені бөлетін де, бақылау жасайтын да сол әкім. Конкурс жарияланады, ал бұл учаске іс жүзінде шаруашылықты жүргізіп, дамытқысы келетіндерге емес, басқаларға - «пысықай» жолы болғыштарға бұйырады. Олар, айталық, инвестициялық жоба ретінде 500 миллион теңге салып, 100 адамды жұмыспен қамтуға уәде беріп, тендерді жеңіп алады. Содан кейін бұл жерлер бірнеше жыл бойы бос тұрады, ол жерге ештеңе жасалмайды да табиғи деградация жүреді. Екінші ұсыныс - жерді жеке меншікке беру қажет емес, бірақ мұрагерлік құқықты заңдастыру керек. Біз жерді 49 жылға жалға алдық, сол жерден үй, ат қора, құдық салдық. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеп, тер төктік. Әрі кеткенде, мен бұл учаскені 30 жыл пайдаланамын, сосын қартайған соң бұл жерді мұрагеріме немесе менің кәсібімді жалғастыратын басқа туысыма бере алмаймын. Бұл жер мұрагерге кедергісіз өтуі керек. Ал енді, 2016 жылы мораторий енгізілгеннен бастап, жер 10 жылға жалға беріледі. Содан кейін қайтадан конкурс өткізіледі. Сонда бұл жерді тағы пайдалана аламын ба, әлде учаске «тиімді» инвестициялық жоба ұсынған адамға барады ма, белгісіз. Сонда менің салған үйім, сарай, құдық - бәрі жаңа қожайынның меншігіне айналады.
- Жерді, тіпті, жалға беруге болмайды, ол мұрагерге, содан кейін жеке меншікке өтеді деген пікірлер бар. Мемлекеттің қатысы болмайды дейді.
- Мен билікке тәуелсіз жерді қорғау инспекциясын құру туралы ұсыныс жасадым. Ол жерді күтіп ұстауды бақылап, табиғи деградацияның алдын алып, пайдаланылмаған жағдайда жерді мәжбүрлеп алатын болады.
«ЕҢБЕК ЕТКЕНДЕРГЕ ҚАЛДЫРУ КЕРЕК»
Жылыой ауданындағы «Достан ата» шаруа қожалығының иесі, мал өсіруші Сейітжан Балжігітов жалға алған жердің жалпы аумағын атамады. Жалпы, ол қызылқоғалық әріптесінің айтқанымен келіседі.
- Мен жерді қолданыстағы шаруа қожалықтарының иелеріне конкурссыз беру керек деп санаймын және комиссияға осындай ұсыныс жасадым. Әйтпесе, бұл жерлер инвестициялар, басқа да нәрселер туралы әдемі сөйлейтін, бірақ іс жүзінде өздеріне жылжымайтын мүлік сатып алатын олигархтарға бұйырады, - дейді Балжігітов. - Тағы бір мәселе - бөлінген жердің пайдаланылып жатқанын тексеретін құрал жоқ. Олар 5-10 жыл бойы бос тұрады. Қазір жер салығы көп емес, кім көрінген артық жер алып қояды. Қазір қай жер бос, иесі кім екенін анықтау қиын. Бұл жерде толық ашықтық болуы керек, кадастрлық карта баршаға ашық болу керек.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0