Атырау, 19 сәуір 03:45
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Су Жайықта ғана аз емес

Сурет Бейнежазба
4 204 просмотра

Соңғы жылдары Қызылқоға ауданының тұрғындары дабыл қағуда. Ойыл өзені сумен толмай жатыр. Сегіз ауылдық округтің 18 мыңнан астам тұрғыны ауыз сусыз қалуы мүмкін. 

Жақында өзен проблемалары жөніндегі бастамашыл топқа қатысушылардың бірі, Миялы ауылының тұрғыны Есенбай НУРОВ редакцияға келіп, бүкіл проблемалар туралы айтып берді. 

Оның айтуынша, өзен бассейнінің азаю себептерін зерттеу үшін экспедициялар ұйымдастырылған. Соңғы экспедиция биыл 24-25 сәуірде болған. 

- Ойыл өзені Ақтөбе облысынан бастау алады және 800 шақырым бойына Атырау облысының аумағы арқылы ағып өтеді. Сонау Кеңес заманында, кеңшарлар құрылған кезде, өзенге бөгеттер көп салынды. 60-жылдары өзеннің ұзындығы 100 шақырымға қысқарды. Сол кезде Ойыл өзені құйылып жатқан Қызылқоға ауданының аумағында 450-500 мың гектар аудандағы Сарыкөл көлі тартылып қалды, - дейді Есенбай аға.

Оның айтуынша, соңғы екі-үш жылда көп су келмеген, көлдер мен су қоймалары кеуіп жатыр. Ауыз су ғана емес, кәдімгі қара су да тұрғындар үшін апатты мәселеге айналуда. Жерасты сулары тұзданып, мал мен жалпы ауыл шаруашылығы тұрып қалды.

- Су ресурстарына жауапты органдар мұны жауын-шашынның азаюымен байланыстырады, бірақ бұған бөгеттер негізгі себеп болып отыр деп санаймын. Ақтөбе облысының Мұғалжар және Темір аудандарындағы соңғы экспедициялар кезінде 24 бөгетті қамтыдық. Олардың барлығы дерлік заңсыз салынған және гидротехникалық құрылыс талаптарына сәйкес келмейді. Негізінен оларды шаруа қожалықтары жеке қажеттілігі үшін салған, - деп сөзін жалғастырды ол.

Е.Нуровтың айтуынша, 2020 жылдың күзінде ұйымдастырылған экспедиция кезінде қатысушылар бөгеттер картасын жасап, осындай 38 құрылысты белгіледі. Қорытынды бойынша олар Жайық-Каспий бассейндік инспекциясына, Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жолдады. 

- Бірақ жарты жыл өтті, әзірге ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Оларға картаны өзіміз ұсындық, бүкіл бөгеттердің координаттарын көрсеттік, бірақ олар анықтап жатырмыз деп жауап береді. Егер Жайық проблемасы - трансшекаралық өзен болғандықтан, оны Ресеймен келісу қажет болса, Ойыл - ішкі өзен, өзіміздікі, бірақ бәрібір мәселе шешілмей отыр. Өзеннің жоғарғы жағында жағдай қалыпты, ал төменгі жақтың халі мүшкіл. 

«Бұқа» деп аталатын үлкен бөгеттердің бірі Шұбараласай сағасында орналасқан және Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы «Арман-М» шаруа қожалығына тиесілі. Ол сонау Кеңес заманында салынған және 1 миллион текше метр еріген су үшін негізгі кедергі болып отыр. Бөгеттің бір жағында қыстау, екінші жағында үлкен алқап бар.

- Бөгетке су сорғысы орнатылған, ол жоңышқа өсірілетін бұл алқапқа су жеткізеді. Бөгетте шлюз жоқ, өткізу құбыры жоқ, - дейді Есенбай аға. - Ойыл өзенінің сағаларына жақын жерде суды өз қалауы бойынша пайдаланатын шаруа қожалықтары өте көп. Осындай әрекеттерімен олар ҚР Су кодексінің 17-бабын бұзып отыр. Бұл жерде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі шара алуы керек. Сондай-ақ, өзен бастауынан 2 шақырым төмен жерде «Тайтай Қаракесек» шаруа қожалығының бөгеті бар, олар тіпті көлік кірмес үшін шлагбаум орнатқан. Мұндайлар өте көп. 

Бұдан басқа, шаруа қожалықтары құдықты өзенге жақын жерден қазады, суару үшін суды тиімсіз пайдаланады, мұндай әрекеттер бақыланбайды. Бүкіл мал суатқа жақын жайылады, ал мал шоғырланған жерде шөп өспейді. Соңғы 30 жыл ішінде Ойыл өзенінің гидрологиялық жағдайын ешкім тексерген жоқ, салалар тазартылмайды. Бұл факторлардың бәрі өзеннің күйіне әсер етеді, деп есептейді Есенбай Нұров. 

Ол министрлікке, әкімдіктерге және басқа құзырлы органдарға хат жолданғанын да айтты. Мысалы, Ақтөбе облысының әкімдігі Ойыл өзені мен оның тармақтарындағы бөгеттердің қанша екені туралы сұраққа 6 деген сан көрсетті. Бұлар муниципалдық меншік болып табылатын «Мұқан», «Батпақты», «Куб», «Талдыбұлақ» бөгеттері, сондай-ақ, республикалық меншіктегі «Тамдыкөл» мен «Қиыл-Тассай» бөгеттері. 

- Бұл жауап қалған бөгеттердің барлығы заңсыз екенін дәлелдейді, - дейді Е.Нуров. – «Бұқа» және «Тайтай Қаракесек» бөгеттеріне қатысты Жайық-Каспий инспекциясына жолдаған хатқа жауап ретінде, бірінші бөгет бойынша жергілікті атқарушы орган қайта рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын, ал екінші бөгет бойынша бөгетті заңдастыру немесе бұзу ұсынылғанын хабарлады. Егер олар заңсыз болса, неліктен құжаттардың қайта рәсімделіп жатқанын түсінбей отырмыз? 

Айтпақшы, жуырда А.Досмұхамедов атындағы АМУ-де Ойыл өзені мәселелері бойынша конференция өтті. Онда Экология министрінің кеңесшісі Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ Ойыл, Сағыз, Жем және Мұғалжар тауларынан бастау алатын басқа өзендерге бұрын ешқандай зерттеу жүргізілмегенін растады. Бұдан басқа, оның айтуынша, өзен бассейні қамыстан, өсімдіктерден және басқа қоқыстардан тазартылмаған, бұл да ағынға әсер етеді. 

- Ақтөбе облысының әкімдігі Ойыл өзенін зерттеудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлді, мұның өзі жақсы. Ал Атырау облысы тарапынан әзірге мұндай шаралар жоқ. Облыстар арасында бірлескен жұмыс жоқ, - деді ол. 

Конференцияда сөз сөйлеген «Атыраугидрогеология» ЖШС директоры Нұргүл САБУРОВА Ойыл өзенінің суы аз болғандықтан бүкіл Қызылқоға ауданы үшін ауыз судың негізгі көзі болып саналатын «Қарасу» мен «Тайсойған» жерасты кен орындарына су жетпейтінін айтты.

- 1969 жылғы зерттеулерге сәйкес, Қарасу кен орнында тәулігіне 2700 текше метр су шығарылған, ал 2010 жылы қайта бағалаудан кейін тәулігіне 345 текше метр ғана шығатыны анықталды. Мұның бәрі, сайып келгенде, экологиялық төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін, - деп қорытындылады Н.Сабурова. 

Жақында Есенбай Нұров өзен проблемасын шешуді өтініп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейне үндеу жолдады. Бұдан басқа, Youtube-те Ойыл өзені бассейніндегі бүкіл бөгеттің координатын көрсеткен деректі ролик түсірілді.

 Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Е. Нуров жолдаған суреттер мен бейнежазба

5 мамыр 2021, 12:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.