Атырау, 26 сәуір 20:50
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырау көпірлерінің күйі кеткен

Сурет
3 490 просмотра

Атырау көпірлері – мұнайлы астананың көркін келтіріп тұрған стратегиялық нысандар. Алайда көпірлердің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Толығырақ – «АЖ» фоторепортажында.

АЙНАЛМА КӨПІР

Атырау көптеген елдер мен қалалар үшін транзиттік қала болып есептеледі. Мәселен Ресейден өндірілген тауарлар Өзбекстанға, Түркіменстанның жүн өнімдері Ресей мен Еуропоға алып фура мен жүк көліктері арқылы тасымалданады. Олардың көпшілігі Атыраудан, яғни Атырау мөлтек ауданындағы халық арасында «айналма көпір» аталып кеткен көпір арқылы өтеді. Шетелдік көлік жүргізушілері осы көпірден Жайыққа бір көз тастап, ары қарай Астраханьға кетеді. Солар шұрық-тесік жолдар мен шұңқыры көп көпірді көргенде Атырау туралы не ойлайды екен? Көпірдің астына үйілген топырақ ойылып қалған, жаяу жүргіншілер жолы да сын көтермейді.

- Әрине, көпір үлкен, жөндеу қажет екені көрініп тұр. Махамбет ауданындағы көпір арқылы өтуге де болады, бірақ бүгін амал жоқ, осы жерден өтуге тура келді, - дейді Түркиядан келе жатқан фураның жүргізушісі Ахмед.

 

ӘЛИЕВТЕГІ КӨПІР

Қала үшін ең маңызды көпірдің бірі. Мәселен, өткенде Атырау әкімдігі ескертусіз Орталық көпірді жауып тастаған кезде, барлық көлік осы көпір арқылы өтті. Мұнда да шұңқыр аз емес, кептеліс те жиі болады.

- Салыстырмалы түрде жаңа көпірден шұңқыр, жолдағы жарық  сияқты ақаулар пайда болғаны жақсы емес. Басқа елдерден мен ондайды көргенім жоқ. Біз 400-ден астам көпірі бар Венеция емеспіз ғой, бар болғаны бес-алты көпір, соны да келістіре алмаймыз, - дейді қала тұрғыны Ерболат Мамаев.

ОРТАЛЫҚ КӨПІР

Бір жағында 20-қатарлы 5 жұлдызды Marriott Executive Apartments Atyrau қонақ үй, екінші жағында әлеуметтік нысандар орналасса, ерке Жайықтың үстінде жағдайы мүшкіл қаламыздың негізгі көпірі тұр. Мүшкіл дейтін себебіміз – күні кешеге дейін жолда терең ойықтар болды, оны жүргізушілер айналып өтуге тырысады, содан жол апаты жиі болатын.  5-6 сәуір күндері қала әкімдігі орталық көпірді уақытша жауып, шұңқырларды бітеген болатын. Алайда көпір толық жөндеуді қажет етеді.

- Қайта-қайта жамай бергеннен орталық көпір бұрынғы қалпына келмейді. Толықтай қайта жөндеу жүргізу керек. Түркістан мен Астанаға сыйлық сыйлағанша, өзіміздің қаламызды көркейтейік. Орталық көпір деген аты ғана, соғыс кезіндегі ауылдардың көпірі сияқты, - дейді жүргізуші Батыржан ТАБЫЛДИЕВ.

2020 жылдың қаңтарында Атырау билігі орталық көпірді жылу желісінің сырғымалы тірегі орнынан ығысуына байланысты уақытша жауып тастады. Бір айдан кейін қайта ашты, бірақ күрделі жөндеуді бәрібір жасау керек, себебі соңғы рет ол 20 жыл бұрын жасалған. Күрделі жөндеу жұмыстарының ЖСҚ-ы 2019 жылдың соңында дайындалды, бірақ кейін әкімдік құжаттаманы қайта жасау қажет деп шешті.

- Біз жобаны ақылға қонымды етіп барынша ықшамдап, жұмысты тезірек бастағымыз келеді, – деді Атырау әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ өткен жылдың желтоқсанындағы БАҚ өкілдерімен кездесуінде. Осы жылдың басында мамандар көпірді жаңғырту аясында инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстарын бастаған еді. Бұл жұмыстар үшін 47 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Тағы бір айта кететін жайт бар. Осы көпірден өз-өзіне қол жұмсайтындар көп – қоршаудың сыртына шығып, төменге түсіп кетіп жатады, болмаса, ойланып отырған адамды көріп қалып көмекке шақырылған полиция кері тартып алады. Қала әкімдігі оларға тосқауыл болу үшін көпірдің екі жағынан арнайы биік бөгет орнатамыз деген еді, алайда бұл да сөз жүзінде қалды.

ТҰРҒЫНДАР ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ КӨПІР

Авангард пен Тұрғындар қалашығын қосатын көпірдің де жағдайы мәз емес. Жолдың ортасында жаңбырдың суы жиналатын ойықтар пайда болған, кей жерлер жарылып, көпір жабындысы көрініп жатыр.

- Осы жерде көліктер ойықтан шыға алмай қалғанын көрдім. Оның үстіне күтімсіз қалған, лас, - дейді жүргізуші Әйбек.

 

БАЛЫҚШЫДАҒЫ КӨПІР

Өте нашар күйде. Көпірдің жіктері ажыраған, ортасына адам қолы сияды, шұңқыры көп. Бұл өткел бос тұрмайды, күніне 7000-нан астам көлік өтеді.

Қала билігі не істемекші?

- Орталық көпір бойынша қайта жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Балықшы көпіріне орташа жөндеу және Тұрғындар қалашығы көпіріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу биылғы жылдың жоспарында бар, - дейді ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ержан ХАЙНОЛЛАЕВ.Әлиевтегі көпірдің кепілдік мерзімі бар, сондықтан жөндеу жұмыстарымен мердігерлер айналысады. Айналма көпірге де ЖСҚ әзірленіп жатыр.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттерді түсірген автор

15 сәуір 2021, 17:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.