8 сәуірде Атырауда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен бұрынғы құрылыс бөлімінің бастығы Тимур БАСАРОВҚА қатысты сот ісі жалғасты.
Осыдан бұрын «AЖ» хабарлағандай, Атырау облысы «қызыл аймақта» болғандықтан, айыпталушылар сот отырыстарына тергеу абақтысынан онлайн режимінде қатысады.
Төрағалық етуші сот Зарема ХАМИДУЛЛИНА айыпталушылардың жеке тұлғасын анықтады, олардың құқықтарын түсіндірді, сондай-ақ арызданушыны жәбірленуші деп таныды (ол сотқа дейінгі тергеуде куәгер болған).
Онлайн өткен сот отырысына Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның Атырау филиалының өкілдері қоғамдық бақылаушылар ретінде қатысты. Айыпталушылардың адвокаттары сот мәжіліс залында АҚжҚБ операторына бейнежазба түсіруге рұқсат ету туралы өтініш берді. Өтініш мақұлданбады, себебі карантинге байланысты бөгде адамдар сот залына кіре алмайды.
Мемлекеттік айыптаушы Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-тармағы, 366-бабының 4-тармағы (Аса ірі мөлшерде пара алу әрекеті) бойынша айыптау қорытындысын жариялады.
Енді сот тараптар ұсынған дәлелдерді зерттеуді бастайды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор