17 наурызда Атырауда облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур БАСАРОВҚА қатысты қылмыстық іс қарала бастады.
Сот залына Таубаев пен Басаровты тергеу изоляторынан алып келді, олардың қасында адвокаттары болды. Сот процесін журналистер, блогерлер және құқық қорғаушылар бақылағысы келген еді, бірақ карантин талаптарына байланысты рұқсат берілмеді.
Бұған ашуланған адвокаттар төрағалық етуші судья Зарема ХАМИДУЛЛИНАДАН бас тартты. Үзілістен кейін судьядан бас тарту өтініштері қабылданбады. Кешегі отырыста судья тіпті сотталушылардың жеке басын анықтауға үлгермеді.
Енді 30 наурызға қалдырылған сот процесі карантинге байланысты онлайн режимінде өтеді. Айыпталушылар бейнебайланыс арқылы тергеу изоляторынан жауап береді.
Еске салсақ, былтыр 10 қыркүйекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұқпалы аурулар ауруханасының қабылдау актісіне қол қоюға көмек көрсеткені үшін 182 миллион теңге пара алды деген күдікпен Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаровты ұстаған болатын.
3 желтоқсанда іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Ол ҚР ҚК-нің 366-бабының 4-тармағы (Қылмыстық топтың аса ірі мөлшерде пара алуы) бойынша тергелді.
Фархат ӘБІЛОВ