Атырау, 29 наурыз 17:09
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Ақтоғайдағы төрт адамның өмірі мен өлімі

Бейнежазба
4 386 просмотра

5 наурызда Атырау облысы Махамбет ауданы Ақтоғай ауылындағы үйден болжам бойынша көмір қышқыл газына уланған 4 адамның мүрдесі табылғаны туралы «АЖ» хабарлаған еді. Өлім құшқандардың ішінде төрт жасар қыз бала бар. Жантүршігерлік оқиға туралы толығырақ  «АЖ» материалында.

Ақтоғай ауылында 175 үйде 1086 адам тұрады. Бұрын-соңды мұндай оқыс оқиға бұл ауылда болмаған еді. Ақтоғайлықтар есеңгіреп қалды. 

- Қайтыс болған адамдардың отбасына, тума-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Қаза болған 47 жасар Василий БАЗАРОВ пен 30 жастағы Айбек ӘБІЛҚАЙЫР осы ауылдың байырғы тұрғындары. Ал 44 жастағы Лена Қайырлиева мен оның қызы Мақат ауданының тумасы. Василийдің бұрынғы отбасымен ажырасып кеткеніне бірнеше жыл болды. Жақында ол Ленамен азаматтық неке құрды. Василий ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, көбіне малшыларда көмекшілікте жүретін, - дейді Ақтоғай округінің әкімі Гүлайна ОРАЗҒАЛИЕВА.

Округ әкімімен бірге қаза болған Айбектің үйіне кіріп, дұға етіп шықтық. Тұрғындардың айтуынша, Василий ішімдікке жақын болғандықтан отбасынан ажырасып, жалғызбасты күй кешкен. Ауылдасына аяушылық танытқан Айбек оны мұсылманшылық жолға түсіріп, намаз оқытып, «Абдулла» есімін берген. Айбек Василий мен Ленаның да бас қосуына дәнекер болып, жақсы араласып тұрды. Василий тұруға жарамсыз ескі, күтімсіз қалған үйде тұратын. Айбек жаңа отбасыға Салықов көшесіндегі бос тұрған, адам тұруға келетін үйді уақытша алып беруге көмектесті. Бұл 1981 жылы салынған екі пәтерлік үй. Бірақ, ол үйдің де келісіп тұрғаны шамалы болып шықты. 

- 3-ші наурыз күні Айбек үйден шығып кетті. Сол күні түнде Құран кітабы мен сумкасын алып келуге Абдулланы жұмсады. Мен оның сұратқан заттарын беріп жібердім. Одан кейін мен жатып қалдым. Айбектің ұялы телефоны үйде қалыпты, қуаттауға тастап кеткен. Ертесіне ол келмеді, негізі Махамбетке мешітке барып арасында айналып қалатыны бар еді. Сондықтан оған мән бермедім, бөтен ой болған жоқ, келер деп ойладым, -  дейді оның жұбайы Әйгерім ИСИНА. - Дегенмен ұшты-күйлі хабарсыз қалуына алаңдап, қайынсіңліме болған жайтты айттым. Оның көмегімен Абдуллаға телефон соғумен болдық, бірақ телефоны үнемі өшірулі тұрды. Көңілім біртүрлі болып, 5-ші наурыз күні Абдулланың үйіне аяқтай бардым. Кіре беріс дәлізде тамақ пісіретін газ плита жанып тұрды. Дәлізден Айбектің аяқ киімін көрдім. «Айбек» деп бінеше рет айқайладым, дыбыс болмағасын ішкі бөлмеге кірмек болдым. Есікке селдір жапқыш ілінген екен, оны ашайын десем, біреу есік алдында жатты. Мен шошып кеттім, бір нәрсе болғанын сезіп, ішке кіруге жүрексініп, жан-жаққа хабарластым. Кейін анықталғандай, басқаларымен бірге жолдасым да сол үйден өлі күйінде табылды. Оларды бізге көрсетпестен Атыраудағы мүрдеханаға тексеруге алып кетті. Полиция қызметкерлері жұмыс жасап жатты.

- Айбек төрт ағайындының үшіншісі болатын. Негізі ол қайырымды, адамдарға көмектесуге дайын тұратын елгезек еді. Айбек Василийге көмектесті, жақсы жолға түсірді, - дейді Айбектің немере ағасы Төлеген МАМАШЕВ. - Негізі ол үйдің мұржасы бұрыннан олқы болатын, тас түсіп кеткен бе, сосын ол бітеліп қалып иіс ішке кетті ме. Ақыры соның зардабы тиді деп ойлаймын. Отыздағы жас жігіттің артында жұбайы, 3 және 1 жастағы ұл мен қызы қалды. Бұл өте ауыр қайғы...

Айбекті наурыздың 6-сы, ал Василий, Лена, Бақытгүлдің денесін 7-сі күні ауыл сыртындағы зиратқа жерледі. Бұл оқиға бойынша сараптама тағайындалып, тексеру жүруде.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

10 наурыз 2021, 10:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.