Атырау, 26 сәуір 16:17
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Сарайшық» коммуналдық базары саттыққа шығарылды

1 916 просмотра

«Сарайшық» қалалық коммуналдық базары 1 миллиард 386 миллион теңгеге саттыққа шығарылды. Естеріңізге салсақ, Атырауда бұл базар алты жыл бұрын бюджет қаражатына салынған болатын. Тұрақтандыру қоры мен жергілікті шаруалардың өнімдері осы жерде сатылады.

«Сарайшық» жабық коммуналдық базары кейіннен сатып алу құқығымен бес жылға сенімгерлік басқаруға беріледі. Тендерге баланстық құны 1 миллиард 300 млн теңге болатын нысан үшін 207 миллион теңге кепілдік жарна төлеген кәсіпкер қатыса алады.

Егер алдағы уақытта сенімгер басқарушы сатып алу құқығын пайдалануды ұйғарса, онда ол сатып алу-сату келісімшарты жасалған күннен кейін екі жыл ішінде тоқсан сайын тең бөліп төлеу арқылы бөліп төлем жасау керек.

Жаңа қожайыны аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жасыл желек отырғызуы керек, өз есебінен жыл ішінде жазғы суару құбырын жүргізуі тиіс. Бұдан басқа, сенімгерлік басқару кезеңінде қожайын жергілікті шаруалар үшін сауда орындарын ұсынуы керек.

Ал сенімгерлік басқару кезінде несие алу үшін базарды кепіл ретінде қоя алмайды. Бүгінде «Сарайшықтың» 51 миллион 200 мың теңге көлемінде жалпы кредиторлық берешегі бар - жаңа қожайыны осы қарызын өтеуге міндетті.

Әсіресе, тендер шарттарында өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтау ескертілген. Бұл базардың екі рет өртенуіне байланысты болса керек. Алғаш 2016 жылдың 15 маусымында 13 тоңазытқыш-витриналар өртенген болатын. Сол кезде жөндеу жұмысы 74 млн теңгеге шықты. Екінші рет былтыр 16 шілдеде үш азық-түлік сөресі өртенді.

Фархат ӘБІЛОВ

2 наурыз 2021, 10:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.