Атырау, 12 қазан 21:35
 ашықВ Атырау +7
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

"Ана болғым келеді..."

3 330 просмотра

Жақында Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қазақстандық отбасылар үшін экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) процедураларына квотаны көбейтуді тапсырды.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, еліміздегі әрбір 10-отбасы репродукция емханаларына жүгінеді. Егер 2020 жылы 1 мыңнан сәл астам квота бөлінген болса, қазір «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бұл көрсеткішті 7 мыңға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Ал әзірге ахуал мынадай, былтыр Атырау облысы үшін тек 37 квота бөлінген. Оның 9-ы мамандандырылған емханаға, қалған 28-і - Алматы мен Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған клиникаларға бөлінді.

Аймақтар бойынша квотаның денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес бөлінетінін айта кетейік. «Биыл біздің облыс үшін қанша квота сұралды?» деген сұрағымызға облыстық денсаулық сақтау басқармасы «2021 жыл үшін олардың саны әлі анықталмады», деп жауап берді.

- Қазір бөлініп жатқан квота, әрине, мардымсыз, - дейді жергілікті емханалардың бірінің басшысы. - 5 жыл бойы, тіпті, 10 немесе одан да көп уақыт жүкті бола алмай жүрген әйелдер бар. Бағасы 1-1,5 млн теңге тұратын ақылы ЭКО процедурасынан өтуге бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Егер квота көбейсе, әйелдер астанаға бару жолы мен тұруына шығындалмас үшін жергілікті, соның ішінде Атыраудағы мамандандырылған клиникаларға бөлу керек деп есептеймін.


ЭКСПАТТАРДАН СӘЛЕМ

Екі жыл бұрын голландиялық экспат отбасына осы жерде ЭКО процедурасы сәтті жасалып, кейін олар балалы болды. Голландтар өз отанына оралған соң атыраулық репродуктолог мамандарға сәбиінің суретін жолдапты. Қуаныштарымен бөлісіп, суреттерін жіберетін немесе тіпті, сәбиімен клиникаға барып тұратын басқа да отбасылар бар.

- Нәтижесі міндетті түрде 100% жүзеге аспайтын жағдайлар да кездеседі. Кей әйел екінші әрекеттен кейін ғана бала көтеріп жатады, - деген атыраулық емхана басшысы сөзін жалғастырды:

- Клиниканың қызметіне көбіне ерлі-зайыптылар жүгінеді. 40-тан асқан жалғызбасты әйелдердің келуі өте сирек. Мүмкін, өздерін ешкім танымайтын басқа қалаға барғанды жөн көретін шығар. Бұл олардың құқығы, өз таңдауы.

- Мұндай жағдайлар үшін сперма донорлары бар ма?

- Бар.

- Ал суррогат аналар ше?

- Олар да бар, бірақ өте сирек. Бізде бір ерлі-зайыпты үшін бала көтеріп, босанған әйел болды. Процедура сәтті өтті.


АНА БОЛУ БАҚЫТЫ

Материалды дайындау барысында осы тақырыпқа байланысты екі оқиғаны еске түсірдім. Құрбымның әпкесі Алматыда тұрады. Күйеуімен бірге тұрды, үйленгеннен кейін де бірнеше жыл бала көтере алмады. Талдау нәтижесі оның табиғи жолмен жүкті бола алмайтынын көрсеткен соң, дәрігерлер оған күйеуімен бірге ЭКО жасауға кеңес берді. Бірақ күйеуі үзілді-кесілді қарсы болды. Әйелі талап етіп, ақыры ажырасып тынды. Әйел ана болу бақытын сезінгісі келіп, бұл жолы донорлық ұрықпен ұрықтандыру қажет болды. Сөйтіп егіз ұлды дүниеге әкелді. Ұлдарын бір өзі тәрбиелеп келеді, банк саласында да жақсы мансапқа қол жеткізді. Қазір бақытты ананың ұлдары 10 жаста, мектепте үздік оқиды.

Ал тағы бір әйелді Азаттық даңғылындағы дүкенде кездейсоқ кездестірдім. Жасы 40-тан асқаны көрініп тұр, жанында серігі бар екен, қасында шамамен бес жастағы сүйкімді екі бала болды. Әйелдің өзі тез тіл табысады екен, әңгімеміз үйлесе кетті. Бес жыл бұрын, 42 жасында күйеуін кездестіріпті. Бұған дейін бала көтермеген, жасы да келіп қалған. Сөйтіп бірге ЭКО жасатуды ұйғарыпты. 2 миллионға жуық қаражат жинап, Алматыға барған.

Процедура әп дегеннен сәтті өткен. «Репродуктолог бірнеше аналық жасушаны алып, менен жатырыма қаншасын салдырғым келетінін сұрады. Мен: «Екеуін салыңыз!» дедім. Екі жасушаның да дамып кеткенін айтқан сәтті ешқашан ұмытпаймын. Көзімнен қуаныштың көз жасы төгілді, - дейді әйел. Қазір күйеуі екеуі керемет егіздерін тәрбиелеп отыр.

Осы жылы хикаялардан кейін ана болу бақытына қол жеткізгісі келетіндердің барлығына сәбидің жас иісін тілегім келеді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

«АЖ» анықтамасы
Квота бөлінген жылы ғана өз күшінде болады. Егер ЭКО процедурасы сәтсіз болса, қайтадан жасау үшін кезекке тұру керек немесе тағы төлеу керек.
26 ақпан 2021, 11:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.