Атырау, 8 мамыр 06:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Үш өлім және бір қылмыстық іс

7 263 просмотра

2021 жылы 1 қаңтарда 44 жастағы Бекдидар Көргеналиев Құрманғазы аудандық ауруханасында көз жұмды. Содан кейін туыстары оның өліміне не себеп болғанын анықтау үшін полицияға арыз жазды. Кейінірек бұл ауруханада осы ауруханаға байланысты тағы 2 өлімнің тіркелгені белгілі болды.

«AЖ»-ға марқұмның қарындасы Индира МҰХАНАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, 2020 жылдың 29 желтоқсанында таңертеңгі сағат 9-дар шамасында Бекдидар аяғының тоңғанын айтқан.

– Азғана ентігіп тұрды, бірақ қызуы жоқ еді. Үйдің қасындағы емханаға барды, оны флюорографияға түсірген. Сол жақ өкпесінде шамалы дақ болғаны көрініп, пневмония деген күдікпен ауруханаға жатқызды, - деп әңгімелейді Индира.

Сол күні ауруханаға барған оның жұбайына емдеуші дәрігер Н.Шолпанов науқастың жағдайы тұрақты, алаңдайтын ештеңе жоқ дейді. Кешкісін Бекдидарды басқа палатаға – оның айтуынша, салқын жерге ауыстырған. Ол өзіне дәрігерлердің қарамай жатқанына да шағымданған. Туыстары емдеуші дәрігермен сөйлесіп, науқасты Атырауға алып кеткісі келген. Бірақ олардың айтуынша, дәрігер оның сатурациясы 98, қан қысымы 120/80, бірер күннен кейін жағдайы жақсарады деп, апармауға көндірген.

Индира туыстар барып кеткен кездегі 30 желтоқсандағы бейнежазбаны көрсетті. Ағасы өз аяғымен жүріп, сөйлесіп отыр.

31 желтоқсанда, Индираның айтуынша, олар мереке күндері ағасының қасында отыру үшін Ақтөбеден дәрігер - немерелес әпкесін шақыртады.

– Ол 31 желтоқсанда кешкі сағат 5-ке қарай келді. Ағамның палатасына кіріп, ол сол жақ кеудесінің ауырып тұрғанын, екі күн бойы ұйықтамағанын айтады. Әпкем кезекші дәрігерді шақыруды өтінеді. Медбике кезекші дәрігер Шолпановтың «фильтрде» екенін айтады. Ал Бекдидардың жағдайы тіптен нашарлап, ауруы жанына батып, айғайлай бастайды. Біраз уақыттан кейін медбике дәрігерге қоңырау шалады. Бірақ ол тұтқаны көтермейді.

Осы кезде әпкем палатадан тағайындау парағын көріп, неліктен дәрі егілмей, басқа да процедуралардың жүргізілмей жатқанын сұрайды. Медбике ауруханада дәрі жоқ дейді. Осы кезде әпкем бізге шұғыл арада амбро, милдронат, лазикс, гепарин, курантил препараттарын әкеліңдер деп жазып жіберді. Екінші әпкеміз дәрі-дәрмекті ауданнан іздеді. 31 желтоқсанда кешкі сағат 9-да дәріханалар жабылды, таныстарымызды салуға тура келді, - дейді Индира.

Әрі қарай кезекші дәрігерді іздей бастайды. Аурухана медбикесі мен бас дәрігері Гүлсара Мутиеваның айтуынша, сол күні кезекшілікте Көргеналиевтің емдеуші дәрігері Шолпанов болған. Оны ауруханадан таппай, үйіне барады. Бұл кешкі сағат 23-тер шамасы еді.

– Дәрігер үйінен шығып, туыстарға ағамыздың жағдайы тұрақты екенін айтты. Сосын бізден «неге менің үйіме келесіңдер?» деп сұрады. Бүгін кезекші өзі емес екенін айтып, үйіне кіріп кетті. Біз полицияға хабарласып, тек полициямен ғана Шолпанов ауруханаға барды. Осы кезде мен облыс орталығындағы таныстарым арқылы санавиация ұйымдастыруға тырыстым. Бірақ маған тікұшақтың түнде мүмкін емес, таңертең ұшатынын айтты.

Шолпановпен бірге ауруханаға бас дәрігер Мутиева да келді. Бұл 1 қаңтарға қараған түні шамамен сағат 2 болатын. Индираның айтуынша, ағасына көмектесу үшін басқа қабаттан аппараттар таси бастады.

- Содан кейін туыстарымызға ағамды реланиум салғанын, оның ұйықтап жатқанын айтты. Санавиация келгенше демалады деді. Ал таңертең санавиация бригадасы келгенде олар ағамның комаға түсіп кеткеніне біраз уақыт болғанын айтты.

Индира сол күні ағамның жүрегі тоқтап қалғанын, дәрігерлер оны қайта тірілтіп алғанын, біраз уақыттан кейін жүрегі қайта тоқтап қалғанын айтты. Содан кейін оны құтқара алмаған.

- Аураханаға әпкем келген кезде кезекші дәрігер орнында жоқ екенін білдік, дәрілер де болған жоқ. Біз тек осы 6 сағатты ғана білеміз. Оған дейін не болды? Кезекші дәрігер қайда болды? Тіпті, сол түні Шолпанов болмаса, кім кезекші болды? Неге оған ешкім қарамаған? Неге Атырауға жібермеген? Оның артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды ғой...

Индираның айтуынша, 12 қаңтарда ол аудандық полиция бөліміне арыз жазған. Арызды тергеуші Гүлнұр Мирасова қабылдап алды. Бірақ іс ол облыстық прокуратураға шағымданғаннан кейін 25 қаңтарда ғана қозғалған. Енді мүрдені эксгумациялау керек.

 

«БҰЛ КОРОНАВИРУС ЕДІ»

Индираны тыңдап болған соң денсаулық сақтау басқармасына комментарий алуға жүгіндік. Ол жерде бізге Бекдидар Көргеналиевтің өлімі туралы аудандық аурухананың КВИ бөлімшесінің жауабын ұсынды.

«Бекдидар Көргеналиевтің өлімінен кейін туыстары аудандық полиция бөліміне оның өліміне қатысты жағдайды тексеру туралы арыз жазды. Қазіргі уақытта мүрдені эксгумациялау туралы мәселе шешілуде. Стационар дәрігерлері қойған диагноз: «U07.1 Ауыр деңгейдегі COVID-19 коронавирус инфекциясы. Расталған жағдай (30.12.202 жылы жасалған №1782 коронавирус РНҚ ПТР сынамасының нәтижесі оң, ассоциацияланған екі жақты полисегментті бронхопневмония, ауыр түрі. Ілеспе аурулар диагнозы: 2-типті қант диабеті, түрлі асқынулармен қалпына келмеу сатысы. Диабет нефропатиясы. Аяғының диабет полинейропатиясы. Өткір бүйрек жетіспеушілігі».

Басқармадағылар дәрігердің кінәсі анықталмады, ал Шолпанов тек емдеуші дәрігер, Көргеналиевтің жағдайы нашарлаған кезде ол кезекші дәрігер емес еді деп сендірді. Б.Көргеналиев стационарда болған кезде ауруханада барлық қажетті дәрі-дәрмек болғанын да айтты.

Көргеналиевтің туыстарында марқұмның өзімен, ауруханада болған және дәрі-дәрмек әкелуді өтінген әпкесімен жазысқан хаттардың скриншоттары бар. Дәрігерлердің бейнежазбалары, дауыс хабарламалары бар. Туыстары Бекдидар Көргеналиевтің өлімінің себебін тергеу ісі анықтайды деп үміттенеді.

 

ТАҒЫ ЕКІ ӨЛІМ

Әңгіме барысында Индира сол ауруханада тағы екі өлім болғанын айтты. Осы жағдайдан бірнеше күн өткен соң, Құрманғазы ауданы Жыланды ауылының тұрғыны аурухананың 2-қабатынан секіріп кеткен. Толығырақ білу үшін біз бұл адамның әйеліне қоңырау шалдық. Майра ЖАРДЕМОВАНЫҢ айтуынша, күйеуі Ғаділбек Сабиров ауруханаға 4 қаңтарда түскен. Оны да пневмония болуы мүмкін деп, ауруханаға жатқызған.

Ол өз аяғымен ауруханаға барып, осындай сұмдық жағдай болды. Ол маған қоңырау шалып, үйге алып кет деді. Мен емдеуші дәрігер Шолпановқа барып, үйге жіберуін өтіндім. Бірақ ол бәрі жақсы болады деп сендірді. ПТР сынамасы да теріс шықты. Содан кейін 12 қаңтарда маған қоңырау шалып, оның аурухананың 2-қабатынан секіріп кеткенін хабарлады. Ол жерде не болғанын білмеймін, адам қарап тұрып қалай секіріп кетеді?   

Оның айтуынша, сүйектері сынған күйеуін 19 қаңтарға дейін емдеген. Сол күні оның жағдайы нашарлап кеткен соң оған санавиация шақырып, оны Атырауға алып кетті. Ол сол жерде травматология бөлімшесінде қайтыс болған.

– Мен Құрманғазы аудандық полиция бөліміне 1 ақпанда арыз жаздым. Алайда қылмыстық іс қозғалмады, сондықтан 16 ақпанда облыстық прокуратураға арыздандым. Әзірге құқыққорғау органдарының ешқайсысы хабарласқан жоқ. Ауруханада не болғанын білгім келеді, - дейді Майра апа.

Үшінші жағдай –  Құрманғазы ауылының тұрғыны ауруханадан қашып кетіп, үсіп өлген. Индира Мұханалиеваның айтуынша, ол ағасымен бірге бір палатада жатқан.

– Ол жалғызбасты кісі еді, ешкімі жоқ. Сол жерден қашып шыққан, ал оны өлі күйде тапты, көшеде үсіп өлген, - дейді ол.

 

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Біз денсаулық сақтау басқармасына тағы да жүгіндік. Басқарма басшысы Асхан БАЙДУАЛИЕВ сотқа дейінгі органдар тергеу жүргізіп жатқанын, ол аяқталғаннан кейін ғана дәрігерлер кінәлі ме, жоқ па, белгілі болатынын айтты.

– Егер кінәлі екені анықталса, олар жазаларын алады. Әзірге ештеңе айта алмаймын.

Бірақ ол үшінші адамның өлімі туралы бізден біліп, дереу бас дәрігер Гүлсара Мутиеваға қоңырау шалды. Дәрігер ол адамның ауруханадан кешке шығып кеткенін айтты. Оның жоғалғаны туралы полицияға хабарлап, 2 күннен кейін көшеден өлі күйде тапқан.

Асхан Байдуалиев 3 жағдай бойынша басқармада арнайы комиссия құрылғанын, комиссияның аудандық ауруханада не болғанын түгел тексеретінін айтты.

Құрманғазы аудандық ауруханасы жақын арада – 2020 жылдың қарашасында тапсырылған.

Біздің сауалымызға Атырау облыстық полиция департаменті Бекдидар Көргеналиевтің өліміне қатысты дерек бойынша 25 қаңтарда Құрманғазы аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-тармағы (Адам өлiмiне әкеп соққан медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бойынша қылмыстық істің қозғалғанын, тергеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Басқа екі өлім бойынша жауапты кейін беруге уәде берді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

24 ақпан 2021, 17:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.