Атырау, 25 сәуір 03:36
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Көне ғимараттарды қозғамайды

2 754 просмотра

Ескі қаланы бұзған кезде «жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер» деген ресми мәртебеге ие ғимараттар қозғалмайды. Сонымен қатар, облыс орталығының жоспарлау жобасы бойынша Атырау қаласының ескі бөлігінің сәулеттік келбетін кезең-кезеңімен қалпына келтіру көзделген.

Бұл туралы «AЖ»-ға облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Бүгінде үйлерді жаппай бұзу жұмыстары жалғасып жатқан ескі қала аумағындағы тарихи ғимараттарды сақтау қажеттілігі туралы мәселені «Былина» орыс этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей КОРАБЛЕВ көтерді.

- 16 ақпанда Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТІҢ жеке онлайн-қабылдауында ол Жарбосынов көшесіндегі №16 үйді (бұрынғы Халық депутаттары Кеңесі үйі) қайта қалпына келтіру туралы мәселе көтерді. Сонымен қатар ол әкімдіктің қаланың ескі бөлігінде орналасқан тұрғын үйлерге қатысты не жоспарланғаны туралы сұрады. Атырау облысы әкімдігінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі № 169 «Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» қаулысы негізінде Жарбосынов көшесіндегі №16 үй мемлекеттік тіркеуге қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде енгізілді. Оны қайта қалпына келтіріп, мұражай ретінде пайдалану шартымен сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қала құрылысы жобасына сәйкес, Атыраудың ескі бөлігінің сәулеттік келбетін кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарланған, - деп хабарлады баспасөз қызметі ресми жауабында.

Осылайша, ескі қаланың тарихи және мәдени ескерткіштер мәртебесіне ие болған ғимараттары сақталып қалады. Олардың бұдан кейінгі тағдыры қоғам мүшелерімен бірге арнайы комиссияда талқыланады.

Еске сала кетсек, Атырауда 2017 жылдан бастап 2029 жылға дейін 12 кезеңге бөлінген ескі қаладағы үйлерді бұзу жұмыстары жалғасуда. Жоба бойынша 228 мың шаршы метр жер учаскесінде 1976 тұрғын үйді бұзу жоспарланған. Дені жеке үйлер. Қазір 18 гектар аумақта орналасқан үйлер бұзылды. Бұл жерде сәулетшілер 5-9-12 қабатты тұрғын үй кешенін салуды ұсынады. Сонымен қатар, жоба саябақ аймақтарын - «Арбат», аллея мен жаяу жүргіншілер аймақтарын салуды, сондай-ақ, 19-20 ғасырлардағы объектілерді қалпына келтіру және жаңғырту арқылы тарихи-мәдени кешендерді біріктіріп, оларды бір ансамбльге айналдыруды көздейді.

Жақында өткен есеп беру кезінде де Атырау әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ бұл жоба туралы сөз етті. Оның айтуынша, карантинге байланысты қаланың ескі бөлігін бұзу және абаттандыру бойынша жұмыстар тоқтатылған болатын, бірақ қазір қайта жанданды. Қазір Пушкин-Гагарин-Есенов-Шевченко; Жарбосынов-Есенов-Ырыс-Пушкин көшелері алаңында жұмыстар жүріп жатыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

«AЖ» архивінен алынған сурет

24 ақпан 2021, 16:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.