Атырау, 25 сәуір 15:47
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Театр көрермендерін Әуезовтың "Айман-Шолпанымен" қарсы алды

3 077 просмотра

М.Өтемісұлы атындағы Қазақ Драма театры карантинге байланысты ұзақ үзілістен кейін көрерменге есігін айқара ашты.  Жаңа маусымын театр М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» драмалық трагикомедиясының тұсаукесерімен ашты. Жергілікті өнер сүйер қауымның театрды сағынып қалғаны көрініп-ақ тұр. Бәрі таныс жандардай бір-бірімен жайдары амандасып, хал сұрасып жатты.

Залдағы орындарды ара-қашықтықты сақтау шартына сәйкес орналастырған. Шектеу - 100 адам. Спектакльдің басталуына санаулы уақыт қалса да көрермен саны толастар емес. Бірнеше ай бойы театр табалдырығын аттамаған көпшілік қойылымды асыға күтуде. 

Міне көптен күткен шымылдық ашылып, сахнаға әдемі ұлттық киім киген әртістер әсем әнімен, тамаша биімен, шат-шадыман көңіл-күймен  жұртшылықты алғаш минуттардан бастап баурап әкетті. Маман байдың қыздары байсалды да ақылды өр мінезді Айман мен ойнақы мінезді, еркін өскен ерке Шолпан туралы классикалық шығарманың қойылымында ойнаған барлық әртістер жоғары деңгейлі, тәжірибелі мамандар екенін көрсетті. Қойылым өте әсерлі өтіп, күткендей-ақ көрерменнің көңілінен шықты.

Гүлназ ҚАМЫСБАЕВА. Режиссердың жеке мұрағатынан алынған сурет..

«Айман-Шолпан» қойылымының басты режиссеры Гүлнәз ҚАМЫСБАЕВАНЫҢ айтуынша: - Біз бүгін көрермен алдына сахнаға шыққанымызға қуаныштымыз. Карантиндік шектеу кезінде де біз қарап отырмай, театрда мастер-класс өткіздік, дайындалып, онлайн форматта балаларға арналған ертегілер, мини-спектакль ұсынып отырдық. Театр шектеумен болса да ашылып жатыр ғой, біз көптеген туындыларымызбен халықты қуантуға дайынбыз. 

Басты рөлдің бірін сомдаған актриса АМАНҒАЛИЕВА Тұрсынгүлден шағын сұхбат алған едік.

- Айман рөлін сомдау қиын болмады ма? Кейіпкеріңіз жаныңызға қаншалықты жақын?

- Бұл шығармада Маман байдың ұлы болмағасын үлкен қызы Айманды ер мінезді, батыр етіп өсірген. Мұхтар Әуезовтың шығармасы болғанымен, аңыздан алынған деп те айтылады. Бұл жерде Айман ақылды, сабырлы, ибалы, батыр боп келсе, ал Шолпан балалығы қалмаған ерке боп өседі. Айманның жайлы мінезі жағынан өзіме жақын деп санаймын. 

- Әр рольді сомдаған сайын актер жанын салады, психологиялық тұрғыдан бір образдан келесісіне көшу оңай ма?

- Оңай емес, бір образдан екі-үш күн шыға алмай ойланып, қайта қалыпқа келе алмай жүремін. Өз қателерімді көріп, қап мына жерін былай істеуім керек еді деп, өкініп қалатын жерлерім болады. Жалпы әр актер өзіне ешқашан көңілі толмайды.

- Жалпы театрға қашан келдіңіз?

- 2013 жылы келдім, кейін үзіліс болды да, 2016 жылдан қайта сахнаға шықтым.

- Ерекше көріп, үнемі ойнағыңыз келіп тұратын рөл бар ма?

- Осы Айман рөлін ерекше көремін.

Қойылымнан кейін бірер көрерменнен қандай әсер алғанын сұраған едік.

Қойшығұл аға:

Бұл бір өте сәтті шыққан дүние болды. Халықты эстетикалық жағынан тәрбиелеуге маңызы зор. Қойылым комедиялық болғанымен, бұл тарихи болған оқиға. Сонымен бірге айтайын дегенім, бұл театр соңғы жылдары үлкен табыстарға ие болған театр ғой, бүінгі қойылым - соның айғағы деп есептеймін. 

Атын атамаған бойжеткен:

- Өте керемет әсер алдым. Бұл қойылымды бұрын теледидардан көргенмін, бүгін бірінші рет сахнадан көріп тұрмын. Актерлардың ойыны қатты ұнады, жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын.

Гүлсім СУЮНГАРИЕВА 

Бейнежазба мен суреттерді түсірген автор

2 наурыз 2021, 11:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.